Мемлекеттік аппараттың жұмыс тәсілі мен басқару философиясы өзгеруі қажет – Бауыржан Ысқақ

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік басқару реформасының нәтижесін қысқарған мемлекеттік қызметшілер санымен емес, азаматтардың уақыты мен қаражатының қаншалықты үнемделгенімен бағалау қажет. Мұндай пікірді экономист-қаржыгер, сарапшы Бауыржан Ысқақ білдірді.

Бауыржан Ысқақ
Фото: Бауыржан Ысқақтың жеке архивінен

- Мемлекеттік басқару реформасының негізгі мақсаты – мемлекеттік аппаратты жай ғана қысқарту емес, оның жұмыс сапасын түбегейлі өзгерту, яғни мемлекет көп құжат әзірлеп, тапсырма беретін жүйеден нақты нәтижеге қол жеткізіп, халықтың мәселесін жедел шешетін жүйеге көшуі керек. Бұл ретте басты міндет – басқару тиімділігін арттыру, артық бюрократияны азайту және әрбір мемлекеттік органның жауапкершілігін нақтылау. Бүгінде қоғамның мемлекетке қоятын талабы өзгерді. Азаматтар мемлекеттік органдардың қанша есеп бергеніне емес, сол жұмыстың нәтижесінде қандай мәселе шешілгеніне қарайды, - деді ол агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Мәселен, оның айтуынша, кәсіпкер жер телімін алу үшін бірнеше мемлекеттік мекеменің табалдырығын тоздырмауы керек. Ауыл тұрғындары ауызсу мәселесін шешу үшін жылдар бойы хат жазып, жауап күтіп жүрмеуге тиіс. Сондықтан реформаның мынадай үш негізгі бағытына басымдық берілуі қажет:

- мемлекеттік органдардың қайталанатын және қажетсіз функцияларын қысқарту;

- шешім қабылдау өкілеттігін жауапты министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға беру;

- мемлекеттік қызметшілердің жұмысын қағаз жүзіндегі көрсеткіштермен емес, нақты нәтижемен бағалау.

- Президент бұған дейін де мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыруға, министрлердің жеке жауапкершілігін арттыруға және жергілікті органдардың өкілеттігін кеңейтуге басымдық берген болатын, - дедіэкономист

Реформаның нәтижесін азамат күнделікті өмірінде сезінуі керек

Бауыржан Ысқақ мемлекеттік басқару реформасының нәтижесін төрт негізгі көрсеткіш арқылы бағалауға болады:

- біріншісі – уақыт үнемдеу. Мемлекеттік қызмет алу үшін азамат бірнеше мекемеге барып, қажетсіз анықтамалар жинамауы керек;

- кіншісі – бюрократияны азайту. Азаматтың өтініші бір мекемеден екіншісіне жіберіле бермей, мәселені шешуге жауапты орган нақты белгіленуі тиіс;

- үшіншісі – жергілікті мәселелерді жедел шешу. Ауылдағы ауызсу, жол, мектеп пен аурухана мәселесін шешу үшін барлық шешімді Астанадан күтіп отыру дұрыс емес. Жергілікті әкімдіктерге қажетті өкілеттікпен қатар, оны жүзеге асыратын қаржылық мүмкіндік те берілуі қажет;

- төртіншісі – мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігі. Азамат өз өтініші бойынша қандай шешім қабылданғанын және оның қандай негізге сүйенгенін білуі керек.

- Мысалы, кәсіпкердің рұқсат құжатын бір ай емес, бірнеше күнде алуы – реформаның нақты нәтижесі. Сол сияқты ауыл тұрғынының мемлекеттік қызметті үйінен шықпай-ақ интернет арқылы алуы да халық сезінетін өзгеріс болмақ. Сондықтан реформаның табыстылығын қысқарған мемлекеттік қызметшілер санымен емес, азаматтардың уақыты мен қаражатының қаншалықты үнемделгенімен, мемлекеттік қызмет сапасының қаншалықты артқанымен бағалау қажет, - деді ол.

Тиімді басқару экономикалық өсімге де ықпал етеді

Экономистің пайымынша, мемлекеттік басқарудың сапасы – экономикалық өсімнің маңызды факторларының бірі. Өйткені экономикада мемлекет тек бақылаушы емес. Сонымен қатар ережелерді белгілейтін, инфрақұрылымды дамытатын және инвестициялық ортаны қалыптастыратын негізгі институттардың бірі.

- Айталық, шетелдік инвестор Қазақстанда зауыт салуды жоспарлады делік. Алайда жер телімін рәсімдеу, электр қуатына қосылу немесе құрылысқа рұқсат алу кезінде бірнеше ай, тіпті жыл жоғалтса, ол инвестиция салу жөніндегі шешімін қайта қарауы мүмкін. Ал мемлекеттік басқару жүйесі тиімді ұйымдастырылса, инвестордың жобаны іске асыру мерзімі қысқарады, кәсіпкердің әкімшілік шығындары азаяды. Нәтижесінде жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары көбейеді және салық түсімдері артады. Мұның бәрі ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді, - деді Бауыржан Ысқақ.

Ол тағы бір маңызды мәселе ретінде мемлекеттік шешімдердің сапасына тоқталды.

- Егер бюджет қаражаты нақты экономикалық және әлеуметтік нәтиже беретін жобаларға бағытталса, бірдей қаржымен әлдеқайда көп нәтижеге қол жеткізуге болады. Экономикалық тұрғыдан бұл мемлекеттік шығындардың тиімділігін арттырып, инвестицияның қайтарымын көбейтуді білдіреді. Демек, тиімді мемлекеттік басқару халықтың әл-ауқатына жалақыны тікелей өсіру арқылы ғана емес, жұмыс орындарын көбейту, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды жақсарту және бюджет мүмкіндіктерін кеңейту арқылы да әсер етеді, - деді экономист.

Мемлекеттік аппаратты оңтайландыру нені білдіреді

Мемлекеттік аппаратты оңтайландыру бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда мұнда бір маңызды жайтты ескеру қажет: оңтайландыру дегеніміз – мемлекеттік қызметшілерді жаппай қысқарту емес, қажетсіз функциялар мен артық шығындарды жою.

- Мәселен, бірнеше мемлекеттік орган бір-біріне ұқсас міндеттер атқаратын болса, олардың функцияларын қайта қарап, қайталанатын жұмыстарды біріктіруге болады. Есептілік пен құжат айналымын цифрландыру да әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бюджет қаражатын үнемдеудің негізгі бағыттарына қайталанатын мемлекеттік функцияларды қысқарту, артық әкімшілік шығындарды оңтайландыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыру және мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін тұрақты бағалау жатады, - деді ол.

Дегенмен спикердің пікірінше, үнемделген қаражатты бюджетте қалдыру жеткіліксіз. Оны білім беру, денсаулық сақтау, ауыл инфрақұрылымы, ғылым және өндірісті дамытуға қайта бағыттау маңызды. Мысалы, әкімшілік аппаратты ұстауға жұмсалатын шығындарды азайту арқылы үнемделген қаржыны ауыл мектебін жөндеуге немесе медициналық құрал-жабдық сатып алуға бағыттауға болса, бұл реформаның халыққа беретін нақты пайдасы болмақ.

- Сонымен бірге оңтайландыру кезінде мемлекеттік қызметтердің сапасы төмендеп кетпеуі керек. Керісінше, кәсіби мамандарды сақтап, мемлекеттік аппаратқа білікті кадрларды тартуға басымдық берілуі қажет, - деді экономист.

Реформаның басты нәтижесі – мемлекеттік аппарат жұмысының өзгеруі

Оның айтуынша, Президенттің мемлекеттік басқаруды реформалау жөніндегі комиссия құруы – осы саладағы өзгерістерді жүйелі қарастыруға бағытталған қадам. Алайда комиссия жұмысының нәтижесін жаңа құрылымдар мен әзірленген құжаттардың санымен өлшеуге болмайды.

- Ең бастысы – мемлекеттік аппараттың жұмыс тәсілі мен басқару философиясы өзгеруі қажет. Бұған дейін мемлекеттік органның тиімділігі қанша тапсырма орындағанымен, қанша есеп бергенімен бағаланса, енді оның жұмысы халықтың өміріне қандай нақты өзгеріс әкелгенімен өлшенуі тиіс. Бір нәрсені ұмытпауымыз керек: мемлекет халыққа қызмет ету үшін бар, халық мемлекеттік аппаратқа қызмет ету үшін емес, - деді Бауыржан Ысқақ.

Экономистің ойынша, реформаның түпкі нәтижесі бюрократиясы аз, жауапкершілігі жоғары, кәсіби мамандары бар, бюджет қаражатын тиімді жұмсайтын және азаматтардың сеніміне ие мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру болуы тиіс.

- Мемлекеттік басқару неғұрлым тиімді болса, экономиканың дамуына да соғұрлым қолайлы жағдай жасалады. Ал тұрақты экономикалық даму халықтың әл-ауқатын арттыруға негіз болады, - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Президент мемлекеттік басқаруды реформалау жөніндегі комиссияның құрамын бекітті.