Мемлекеттік білім гранты Қазақстандағы кадр мәселесін шеше ала ма
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан жыл сайын жоғары білімі бар мамандар даярлауға ондаған миллиард теңге бөледі. Сегіз жылда мемлекеттік грант саны 51 мыңнан 78 мыңға өсті. Дегенмен, бұдан экономикаға қажет мамандар шығып жатыр дей аламыз ба? Kazinform тілшісі сұрақтың жауабын іздеп көрді.
Мемлекет не үшін грант бөледі?
Еңбек нарығы ел экономикасына қажет көлемде және бағытта мамандар шоғырын қалыптастыруға қауқарсыз. Бұл — Германиядан бастап Аустралияға дейінгі барлық мемлекет бетпе-бет келіп отырған нарықтық экономиканың заңдылығы. Өйткені талапкер өзінің қызығушылығына, ата-анасының кеңесіне, таңдаған мамандығының мәртебесі мен болашағына байланысты таңдау жасайды. Алайда экономиканың ұзақмерзімді қажеттілігіне бағдар жасап, он жылдан кейін қандай мамандықтардың маңызы артатынын ойланбайды.
Осыдан кеп жастардың қалауы мен мемлекеттік стратегиялық сұранысы сай келмей, жүйеде алшақтық пайда болады. Бұл өз кезегінде сұранысқа ие салаларда маман тапшылығына әкеп соғады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы дәл осы алшақтықты жоюға бағытталған. Жұмыс істеу принципі оңай: мемлекет тапшы санаған бағыттар бойынша ғана тегін оқу мүмкіндігі беріледі.
Әлемдік тәжірибеде мәселені шешудің бірнеше жолы белгілі. Германияда дуалды білім беру жүйесі жолға қойылған. Ол бойынша студент дайындауға жұмыс берушілер тікелей араласады. 1,22 миллион адам келісімге сәйкес бір уақытта оқып та, кәсіпорында жұмыс істеп те жүр. Сингапур нақты уақыт форматында қандай дағдыларға сұраныс жоғары екенін бақылап отыратын, әрбір азаматқа жеке даму бағыттарын ұсынатын SkillsFuture ұлттық жүйесін құрды. Финляндия еңбек нарығындағы қажеттілікті болжауды білім беруді мемлекеттік жоспарлау жүйесіне енгізген. Мұның бәрі мынаны көрсетеді: мемлекет білім саласын қаржыландырып қана қоймай, оны экономикамен үйлестіреді.
Қазақстан таңдаған үлгі — орталықтандырылған білім беру тапсырысы. Бұл жүйе нарықты болжауға, жұмыс берушілердің сұранысын зерттеуге және түлектердің грантты міндетті түрде жұмыспен өтеуіне негізделген. Оның қалай жұмыс істеп жатқанын зерттеп, талдау барысында көруге болады.
Шешім қалай қабылданады: жұмыс берушілердің сұранысынан министрліктің кестесіне дейін
Мемлекеттік білім беру грантын мамандықтар бойынша бөлу — күрделі әрі бірнеше сатылы процесс. Бұл процестің алғашқы қадамы жыл сайын кадр мәселесінде ортамерзімді болжам жасап отыратын Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен басталады. Министрліктің сұранысына қарай таяу жылдары қандай мамандықтарға сұраныс болатыны анықталады. Осылайша білім саласында шешім қабылданады.
— Болжам әзірлеуде экономика салаларының қажеттілігіне, еңбек нарығындағы жағдайға, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, демографиялық және салалық даму бағыттарына талдау жасалады, — делінген Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің Kazinform агенттігіне жолдаған хабарламасында.
Сондай-ақ еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі мәлімет, жұмыспен қамту және көші-қон статистикасы, салалар бойынша болжам ескеріледі. Қағаз жүзінде бұл — кадр тапшылығын ерте ескертудің толыққанды жүйесі. Онымен бір мезгілде басқа бағытта жұмыс атқарылады.
— «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аймақтық деңгейде жұмыс берушілер арасында жыл сайын сауалнама өткізеді. Жұмыс берушілер таяу жылдарда сұранысқа ие болатын мамандықтар бойынша кадр қажеттілігін хабарлайды, — деп атап өтті ведомство.
Қосымша ақпарат көзі — электронды еңбек биржасы. Жоғарыда аталған мәліметтер негізінде Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырады. Болжам мен еліміздің дамуы жөніндегі стратегиялық құжаттарды, яғни индустрияландыру, цифрландыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламалары негізінде білім гранттары бөлінеді. Кадр қажеттілігін тек болжауға болады. Экономика бюрократиялық болжам машинасынан тез өзгереді.
Жұмыс берушілер сауалнама барысында алдағы екі-төрт жылдың қажеттілігін ұсынады. Ал осы мәлімет бойынша бүгін оқуға түскен студенттер төрт жылдан соң нарыққа шығады. Электронды еңбек биржасы тек қазір бар мамандықтарға сұранысты көрсетеді. Әлі пайда болмаған жаңа кәсіптерді болжай алмайды. Стратегиялық құжаттар еңбек нарығының шынайы қажеттілігімен сай келе бермейтін саяси басымдықты бейнелейді.
Сегіз жыл: цифрлар қалай өзгерді?
2018 жылы мемлекет 50 616 мемлекеттік білім грантын бөлді. 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 78 219-ға, яғни алты жыл бұрынғыдан 55%-ға өсті. Одан кейін сәл төмендегені байқалады: 2025 жылы — 77 084 грант, 2026 жылға 72 671 грант жоспарланған. Мұның себебі жоқ емес. 2022-2023 жылдары (73 061 грант) тапсырыс аясының күрт кеңеюіне байланысты мемлекет мұны қайта ретке келтіруге көшті. Мәселе бюджеттік шектеуге ғана байланысты емес, құрылымдық өзгерістер саннан маңызды.
Егер оқыту бағыттарына қарасақ, жағдай айқындала түседі. 2019 жылдан бастап «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытында бөлінген грант саны 125%-ға артқан. «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бойынша 98%, «Педагогикалық ғылымдар» бағытында 40%, «Инженерлік, өңдеу және құрылыс» салаларында 27%, «Ветеринария» бойынша 53%-ға көбейген. Ал гуманитарлық бағыттарға тоқырау тән, соңғы он жылда медициналық гранттар саны 7%-ға қысқарған (денсаулық сақтау саласы Денсаулық сақтау министрлігі арқылы қаржыландырылады).
Грант санының ең шарықтау шегі — 2024 жыл, одан кейін көрсеткіштің күрт төмендегенін байқаймыз. Оған мемлекеттің қаржылай мүмкіндігі жетпеген болуы мүмкін немесе мемлекет гранттың сапасы мен тиімділігін көтермей санын арттырғаннан нәтиже шықпайтынын түсінді.
Инженерлерге басымдық: гранттарды бөлудің жаңа қағидаты
Бүгінде барлық мемлекеттік гранттың 60%-ы инженерлік, аграрлық және аралас техникалық бағыттарға бөлінген. Ал 21%-ы педагогикаға, 19%-ы қызмет көрсету, бизнес, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының үлесінде.
— Мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруда ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, жасанды интеллектіні дамыту, экономика салаларын цифрландыру, сондай-ақ энергетика, логистика және өнеркәсіп салаларын жаңғырту жайы ескеріледі, — деп атап өтті Комитет.
Инженерия және өнеркәсіп. Қазақстан ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жатыр, оның ішінде жолдар, көпірлер салынып, өндіріс ауқымы кеңейіп келеді. Өңдеу өнеркәсібі аясының ұлғаюы жай ғана жұмыс күшін емес, сапалы техникалық мамандарды қажет етеді. Одан бөлек атом электр станциясының құрылысы аяқталған соң ядролық инженерлер мен ядролық қауіпсіздік мамандары керек болады.
Жасанды интеллект және цифрландыру. Бұл — жаһандық тенденция. Ведомство алдағы жылдары жасанды интеллект, деректерді талдау, киберқауіпсіздік, цифрлық қаржы, DevOps, өнеркәсіптік автоматтандыру және цифрлық егіздер басымдыққа ие болатынын алға тартып отыр.
Бүкіләлемдік экономикалық форумның мәліметінше, 2030 жылға қарай әлем бойынша жұмыс күшінің 60%-ға жуығының біліктілігін көтеруге тура келеді. Ең алдымен, цифрлық сауаттылық саласына басымдық беріледі. Қазақстан осы өзгеріске ілесіп келеді, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша грант саны екі есе көбейген.
Авиация және логистика. Қазақстанның географиялық тұрғыда еуразиялық көлік дәлізінің кіндігінде орналасуы логистика саласының стратегиялық тартымдылығын күшейтеді. Ведомство сұраныс жоғарылаған нақты бағыттарды тізбектей келе, авиация ұшқыштар ғана емес, мыңдаған маманнан тұратын үлкен жүйе екенін атап өтті. Оның ішінде авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ұшақтарға техникалық қызмет көрсететін инженерлер, әуе қозғалысын реттейтін диспетчерлер және операторлар бар. Дрон индустриясы мен авиация саласының қарқынды дамуы отандық жоғары оқу орындарында бес жыл бұрын мүлдем болмаған жаңа мамандықтарға сұранысты арттырып отыр.
Су ресурстары және климаттық технологиялар. Талқылау кезінде тасада қалып келе жатқан бағыттардың бірі осы болар, бәлкім. Орталық Азия су тапшылығы қатты сезілетін аймаққа кіреді. Болжам бойынша 2050 жылға қарай тіршілік нәріне қажеттілік күрт артады.
Педагогика. Грант санының 40%-ға өсуі жылдан-жылға жалғасып келе жатқан мұғалім тапшылығын көрсетеді. Бұл мәселе әлем елдерінің көпшілігіне таныс. ЭЫДҰ жариялаған педагогтарға мұқтаж мемлекеттер тізімінде Қазақстан да бар.
Гуманитарлық ғылымдар «өлді» ме әлде рөл ауысты ма?
Гуманитарлық және әлеуметтік бағыттағы гранттар үлесін азайту себебін мемлекет әдетте «мемлекет гуманитарлық білімнен бас тартты» деп түсіндіреді. Бұл — мән-жайды жан-жақты нақтылауды талап ететін қарабайыр тұжырым. Мемлекет бұл бағыттарды бұрынғыдай субсидиялауды тоқтатады. Бірақ заңгер, экономист және әлеуметтанушылар ақылы негізде оқи береді. Бұл мамандықтарға сұраныс бюджеттің қолдауынсыз да реттеледі.
Бір жағынан оның жөні бар. Заңгерлік немесе менеджерлік мамандық талапкерлер арасында жоғары сұранысқа ие. Сондықтан оған жастар грантсыз-ақ келеді. Екінші жағынан мұндай көзқарас гуманитарлық білімнің қадірін кетіруі мүмкін.
Дегенмен, халықаралық тәжірибе жағдайды басқа қырынан көрсетіп отыр. Экономикасы алға озған Германия, Финляндия, Нидерланд STEM мен гуманитарлық ғылымдарды бір-біріне қарсы қоймайды. ЖИ этикасы жөніндегі мамандар, UX-зерттеушілер, климаттық саясат саласындағы коммуникация мамандары — бұлардың бәрі технология мен гуманитарлық білімнің тоғысындағы мамандықтар.
Міндетті еңбекпен өтеу: бақылау жүйесінің кемшілігі
Мемлекеттік грант иеленген түлектер игерген мамандығы бойынша оны үш жыл еңбекпен өтеуге міндетті. Бұл — барлығына қатысты талап. Оның орындалуын бақылауға «Қаржылық орталық» АҚ жауапты. Ұйым түлектердің есебіне зейнетақы жарнасы түсіп отыруын қадағалап, осы арқылы олардың жұмыспен қамтылуы туралы қорытынды жасайды. Жүйе жұмыс істегенімен кемшілік жоқ деуге келмейді.
— Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық базасындағы түлек жұмыс істеп жатқан мамандық туралы мәліметке сәйкес зейнетақы түсімі негізінде мониторинг жүргізіледі, — делінген хабарламада.
Бір сөзбен айтқанда түлектің ресми түрде жұмыспен қамтылғанын мемлекет осылай анықтайды. Бірақ кім болып орналасқанын білмейді. Сауда компаниясына менеджер болып жұмысқа тұрған инженер осы жүйеде жұмысы барлардың тізіміне енеді. Отбасылық бизнестің есеп-қисабын жүргізетін мұғалімге қатысты да солай. Зейнетақы жарнасының түсуі адамның жұмыс істейтінін анықтаудың оңай тәсілі болып тұр.
Халықаралық тәжірибе баламалы тәсілдерді ұсынады. Аустралия мен Ұлыбритания түлектердің екі қолға бір күрек тапқан-таппағанын мамандандырылған зерттеу (Graduate Outcomes Survey, Graduate Outcomes and Leavers from Higher Education) арқылы анықтайды. Бұл жұмыспен қамту дерегін тіркеп қана қоймай, тапқан жұмысының мамандығына сай келетін-келмейтінін, жалақы мөлшерін және таңдауына көңілі толатын-толмайтынын көрсетеді. Оңтүстік Корея түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі туралы жыл сайынғы деректерді жоғары оқу орындары мен мамандықтар бөлінісінде жариялап отырады.
Цифрлар не дейді және оларда не жетіспейді?
2026 жылғы 1 маусымдағы мәліметке сәйкес мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған 58 233 түлектің 43 927-сі немесе 75,4%-ы жұмысқа орналасқан. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті жүйенің тиімді көрсеткіші ретінде осы цифрды алға тартты. Былай қарағанда жаман емес. Бірақ бұл шынайы жағдайдың дәлелі емес.
Біріншіден, түлектердің 24,6%-ы деректерді тіркеу кезінде жұмыспен қамтылмаған. Оның бір бөлігі оқуын жалғастырған (магистратура, аспирантура), енді бірі жұмыс іздеп жүрген, тағы бірі бала күтімімен еңбек демалысында немесе басқа да себептермен еңбек нарығынан шет қалған болуы мүмкін.
Екіншіден, 75,4%-ы мамандық бойынша емес, жалпы жұмысқа орналасу көрсеткіші. Мемлекет грант бөлінген мамандықта еңбек етіп жүргендердің нақты үлесі белгісіз. Бұл цифр белгілі болғанда жүйенің тиімді көрсеткіші болар еді.
Үшіншіден, түлектердің жалақы көлемі туралы мәлімет жоқ. Білім беру бағдарламаларының еңбек нарығының сұранысына сәйкестігін айқындаудың ең тиімді әдісі — түрлі мамандықтар бойынша ЖОО түлектерінің оқуды аяқтағаннан кейінгі 3-5 жылдағы еңбекақы деңгейін талдау. Алайда, ашық дерек көздерінен мұндай мәліметті таппайсыз.
Әлемдік тәжірибе: басқа елдер білім саласын нарыққа қалай бейімдеп отыр?
Германия қосбағытты оқыту жүйесіне басымдық берген: 1,22 миллионға жуық білім алушы бір мезгілде кәсіби мектептерде оқып, кәсіпорындарда келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүр. Немістің кәсіптік білім жүйесінде оларды жұмыспен қамту деңгейі 92,2% шамасында. Орташа еуропалық көрсеткіш 80% десек, бұл одан да жоғары болғаны. Алайда неміс моделінің де кемшілігі бар: дуалды білім жүйесіне қатысушылар санының көп болуына қарамастан кәсіби маманданған кадр қат. Цифрлы экономикаға көшкеннен кейін дәстүрлі салаларға ғана иек арту жүйенің қауқарсыз екенін көрсетті.
Сингапурдың таңдаған жолы бөлек. SkillsFuture бағдарламасы дағдыларға сұранысты үшке бөледі: кезек күттірмейтін, қысқа және орта мерзімді қажеттілік. Жүйе тұрақты түрде жаңарып отырады. Жас мамандарды ғана емес, жұмыс істеп жүрген үлкендерді де қамтиды. Бұл оның нарықтағы өзгерістерге дайындығын көрсетеді. 2030 жылға қарай әлемдегі жұмыс күшінің 60%-ға жуығының біліктілігін көтеруге тура келеді. Сингапурлық жүйе осы сын-тегеурінге жауап беру мақсатында құрылған.
Оңтүстік Корея мемлекеттік реттеу мен университеттер арасындағы қызу бәсекені шебер үйлестіре білген. Түлектердің жұмысқа орналасуы жөніндегі әрбір ЖОО мен мамандық бойынша мәлімет жарияланып тұрады. Бұл бітірушілері жұмыс таппай жүрген университеттерде ақпараттың шынайы түрде түзуге мүмкіндік береді.
Аустралия мемлекеттік қолдау, яғни ваучерлер мен субсидия жүйесін тек ең қажетті мамандықтарға қолданады. Ең маңыздысы — бұл тізім нарықтағы жағдайға байланысты арнайы жүйе арқылы үнемі жаңарып, өзгеріп отырады.
Сәтті модельдерге ортақ нәрсе — қажеттілік туралы болжам ғана емес, нарық, университет және мемлекет арасында орнаған тұрақты кері байланыс. Сонымен қатар өзгерістерге бейімделудің маңызы жоғары.
Нені өзгерту керек?
Қазақстандық мемлекеттік білім беру тапсырысы жүйесі тиімді түрде жұмыс істеп тұр. Алайда оның да өзіндік шектеулері барын ескеру керек.
Болжау кезеңі. Елімізде болжам негізінен ортамерзімді көрсеткіштер негізінде жасалады. Алайда 2025 жылы грантпен оқуға түскен студент 2029 жылы, яғни ЖИ пайда болып, жұмыспен қамту құрылымын түбегейлі өзгерткен кезеңде бітіріп шығады. Сондықтан алдағы 10-15 жылға болжам әзірлеудің маңызы зор.
Әрекет ету жылдамдығы. Гранттар құрылымының өзгеруі уақытқа тәуелді. Бұйрық қабылдау, оны бекіту, жүзеге асыру — бәрі уақыт алады. Еңбек нарығы тез құбылады. Бұл жерде нарық талабына қарай жыл сайын шұғыл түрде басқа мамандықтарға ауыстырылатын қосалқы (резервтегі) гранттар тетігін іске қосу керек.
Сан ғана емес, сапа маңызды. Инженерлік гранттар санының көбеюі жұмыс беруші қажет еткен инженерлердің бітіріп шығатынына кепілдік бермейді. Демек, бізге маман дайындаудың сапасын арттыру үшін тікелей жұмыс берушілермен, яғни индустриямен бірлесіп жасалған ортақ стандарттар керек. Германия мен Оңтүстік Корея тәжірибесі көрсеткендей, жұмыс берушілер сауалнамаға ғана емес, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге де қатысуы тиіс.
Мамандықтар бойынша мониторинг жұмысқа орналасудың шынайы көрсеткіші емес. Зейнетақы жарнасы жүйесі — алғашқы қадам. Келесі — жұмыстың мамандыққа сәйкестігін бақылау. Түлек қайда еңбек етіп жүр? Мамандық бойынша ма әлде олай емес пе? Оның табысы қалай өзгерді? Бұл мәліметтер ашық түрде жарияланып, мемлекеттік грант жүйесіне өзгеріс енгізуде пайдаланылуы қажет.
ЖИ есебінің әсері. Автоматтандырылған жүйе еңбек нарығындағы сұраныс құрылымын әлден өзгертіп жатыр. Бүгінде грант бөлінген мамандықтардың бір бөлігі 10 жылдан кейін басқаша болады. Бұл осы мамандықтардан бас тарту керек дегенді білдірмейді. Әйтсе де, сыни ойлау, тіл табысу қабілеті мен кез келген өзгеріске бейімделу сияқты болашақта роботтар мен автоматтар алмастыра алмайтын дағдыларды оқу бағдарламаларына міндетті түрде қосуды ескерген жөн.
Қорыта айтқанда, еліміздің мемлекеттік білім беру тапсырысы жүйесі ұзақмерзімді болжамды мәліметтерді қамтитын, еңбек нарығының талабына шұғыл жауап беретін әрі сапа стандартына негізделген стратегиялық басымдыққа ие болуы маңызды.
Бұған дейін қазақстандық студенттерге биыл 90 мыңдай грант бөлінгенін жазған едік. Гранттар бөлінісінде инженерлік, IT, аграрлық, педагогикалық, және жаратылыстану ғылымдарына басымдық берілді.