Мемлекеттік борыш 30,5 трлн теңгеден асты
АСТАНА. KAZINFORM – 9 айда Үкімет борышына қызмет көрсету шығындарына 1 трлн 959,3 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы Қаржы министрлігінің мемлекеттік борыш пен пайыздық төлемдер туралы дерегінде айтылған.
Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, Үкімет 2024 жылдың 9 айында ішкі нарыққа мемлекеттік бағалы қағаз шығару арқылы 4 трлн 996,6 млрд теңге қарыз тартқан. Ал 9 айда сырттан тартылған қарыз көлемі – 90,7 млрд теңге.
Жалпы мемлекеттік борыштың көлемі 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 30 трлн 504,8 млрд теңге болған. Бұл жалпы ішкі өнімінің 22,6%-ына тең деген сөз. (1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 134 трлн 952,9 млрд теңге болып белгіленген).
Мемлекеттік борыштың 94,4%-ын үкіметтік борыш құрап отыр – 28 трлн 784,7 млрд теңге. Үкіметке тиесілі қарыздың ішкі борышы – 21 трлн 567,6 млрд теңге (75%) болса, сыртқы борышы – 7 трлн 217 млрд теңге (25%).
Ал Ұлттық банктің ішкі нарықтан тартқан борышы 500 млрд теңге болған.
Жергілікті әкімдіктердің мойнындағы қарыз көлемі 1 трлн 220,1 млрд теңгеге жеткен.
Үкімет борышының қысқа мерзімде өтеуге жататыны – 848 млрд теңге, орташа мерзімдісі – 3 трлн 209,7 млрд теңге, ұзақ мерзімдісі – 24 трлн 726,9 млрд теңге.
Жыл басынан бері Үкімет борышына қызмет көрсету шығыны 1 959,3 млрд теңге болған.
Айта кетейік, Үкімет Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға ұлғайтуды жоспарлап отыр.