Мемлекеттік дума мигранттар үшін баж салығын арттыру туралы заң қабылдады
МӘСКЕУ.KAZINFORM - Ресей Мемлекеттік думасы мигранттар үшін мемлекеттік баж мөлшерін арттыру туралы заң қабылдады. Атап айтқанда, Ресей азаматтығын рәсімдеу құны 12 есеге өседі, деп хабарлайды агенттік тілшісі Мемлекеттік дума сайтына сілтеме жасап.
Мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володиннің айтуынша, қабылданған федералдық заңдар мигранттар үшін мемлекеттік баж мөлшерін едәуір арттыруды көздейді.
Заңға сәйкес, мигранттар үшін келесі баж мөлшерлері ұлғайтылады:
• Ресей азаматтығын рәсімдеу кезінде – 12 есе, 4200 рубльден 50 мың рубльге дейін;
• Уақытша тұруға рұқсат алу кезінде – 8 есе, 1920 рубльден 15 мың рубльге дейін;
• Тұруға ықтиярхат рәсімдеу кезінде – 5 есе, 6 мың рубльден 30 мың рубльге дейін.
Сонымен қатар мигранттарды жұмысқа тартуға рұқсат беру үшін алынатын баж мөлшері де өседі. Әрбір шетелдік маман үшін ол 15 мың рубльге дейін ұлғайтылады.
Ресейде елге кіру кезінде мигранттарды медициналық тексеру ережелері қатаңдатылды.