Мемқызметшілерге сыйақы беруге тыйым салатындай негіз жоқ – Қаржы министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беруге байланысты өтініштердің көптеп түсуіне байланысты жағдайды түсіндірді.

Министерство Финансов РК ҚР Қаржы министрлігі
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылдың 29 тамызындағы №1127 қаулысына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлеу, материалдық көмек көрсету, лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу бюджет қаражатын үнемдеу есебінен ғана жүзеге асырылады. Осы қаулы арқылы шығыс баптарының нақты тізбесі айқындалған. Олардың есебінен үнемдеу қалыптасқан жағдайда ғана сыйақы төленуі мүмкін (іссапарларға, коммуналды және көлік қызметтеріне, байланыс қызметтеріне, үй-жайларды жалға алуға және т.б. шығыстар бойынша үнемдеу). Бүгінде аталған қаулыға, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге сыйақыларды шектейтін өзгерістер енгізілмегендіктен мемлекеттік қызметшілерге сыйақыларды беруге тыйым салатындай негіз жоқ»,-делінген министрліктің хабарламасында.

Қаржы министрлігінің осыған дейінгі хабарламасында Үкімет қаулысының нормаларын бұлжытпай ұстану қажеттігі және бағдарлама әкімшілерінің қызметкерлерді тізбеде көрсетілгендерден бөлек бюджеттік баптардан қаражатты сыйақыға пайдалануға жол бермеу туралы айтылған болатын. Себебі инвестициялық жобаларды іске асырудан және/немесе мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтін материалдық активтерді сатып алудан үнемделген қаражат бюджетке қайтарылуға тиіс.

Айта кетейік, осыған дейін Қаржы вице-министрі Мәди Такиев Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге үнемделген бюджет қаржысы сыйақы түрінде берілмейтіні туралы айтқан болатын.

Кейінірек Президент кеңесшісі, бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осы мәселеге қатысты пікір білдірді.

«Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы, Қаржы министрі болып жұмыс істедім. Бұл жерде анықтап кететін мәселе бар. Егер бюджетте сыйақыға қаражат көзделген болса, онда оны ешкім алып қоймайды. Сыйақы ретінде беріледі. Дегенмен, мемлекеттік органдар сатып алу процесін жүргізгенде үнем болады. Сол үнемді Қаржы министрлігі сыйақы ретінде бермеу туралы шешім қабылдап отыр. Бірақ ол әлі заңдастырылмаған. Қазыналық шот бар. Содан бір-біріне аударуға бөгет қоймақшы. Әрине, өзімде білемін, қаншама адам мемлекеттік қызметте. Қарапайым қызметкерлерге ауыр тиеді. Одан өзім де өткенмін. Сондықтан дұрыс шешім қабылдау қажет», - деді Ерұлан Жамаубаев.

 

Соңғы жаңалықтар