Мемлекеттік қызметтерді азаматтар чат арқылы ала алады – Вице-министр
АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллектіні мемлекеттік қызметтерге енгізу азаматтар мен мемлекет арасындағы коммуникацияның жаңа форматын қалыптастырып жатыр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин AI and Digital Bridge форумында айтты.
Оның сөзінше, жасанды интеллектіні мемлекеттік қызмет көрсету және азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу үдерістеріне енгізу тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елінде қолға алынған.
– Мемлекеттік қызметтерге жасанды интеллектіні енгізу біртіндеп мемлекет пен азамат арасындағы коммуникацияның жаңа форматын қалыптастырып жатыр. Бұл үдеріс Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жүріп жатыр, – деді спикер.
Ол АҚШ-та мемлекеттік қызметтерді бір порталға біріктіру бойынша қолға алынған жобаны мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, жаңа жүйеде дәстүрлі порталдардағыдай қызмет санаттарын іздеу немесе қажетті бөлімді таңдау тәсілінен гөрі чат арқылы өзара әрекеттесуге басымдық берілген.
– Біз дәстүрлі мемлекеттік порталдарға үйреніп қалдық. Онда қажетті қызметті санаттар арқылы іздеп, оның қалай алынатынын түсіндіретін ақпаратпен танысамыз. Ал жаңа тәсілде пайдаланушы жүйемен чат форматында сөйлеседі. Қажетті қызметті санаттардан іздеудің қажеті жоқ, өз сұранысын қарапайым тілмен жазады, – деді ол.
Спикердің пікірінше, мұндай форматқа бірден бейімделу оңай емес. Дегенмен бұл мемлекет пен азамат арасындағы цифрлық коммуникацияның болашағы.
Қазақстанда да осы бағытта бірқатар шешім енгізіліп жатыр. Спикердің айтуынша, өткен жылы мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беретін жасанды интеллект негізіндегі құрал іске қосылған.
Биыл бұл жүйенің мүмкіндіктері кеңейтіліп, кейбір мемлекеттік қызметтерді чат форматында алуға мүмкіндік беретін жаңа функциялар іске қосылған.
– Мысалы, балаңызды мектепке бергіңіз келсе, жүйеге осы ниетіңізді жай ғана жазасыз. Ол сіздің балаларыңыздың тізімін көрсетіп, қай баланы мектепке бергіңіз келетінін сұрайды. Баланы таңдағаннан кейін жүйе оның тіркелген мекенжайына сәйкес келетін жақын мектептерді көрсетеді. Мектепті картадан таңдап, қажетті рәсімдерді сол чаттың ішінде жалғастыруға болады, – деді спикер.
Оның айтуынша, бұл тәсіл мемлекеттік қызметті азаматтың өзі іздеп, бірнеше цифрлық ресурсты аралауына емес, керісінше азаматтың сұранысын жасанды интеллектінің түсініп, қажетті қызметке бағыттауына негізделеді.
Қазір мемлекеттік органдарда түрлі бағыттарға арналған цифрлық ассистенттер де бар. Олардың қатарында салық мәселелері бойынша кеңес беретін, әлеуметтік мәселелерге қатысты ақпарат ұсынатын және жұмыс іздеуге көмектесетін шешімдер бар.
Спикердің пікірінше, жасанды интеллект негізіндегі мұндай агенттер көбейген сайын олардың өзара байланысын қамтамасыз ететін бірыңғай жүйе қажет.
– Азаматтар мен мемлекет, бизнес пен мемлекет арасындағы коммуникацияда қолданылатын кез келген агент мемлекеттік қызметтердің бірыңғай экожүйесіне қосылуы керек деп санаймыз. Ол үшін мемлекеттік қызметтер мен мүмкіндіктердің барлығын біріктіретін әмбебап жүйе қажет, – деді ол.
Оның айтуынша, болашақта азамат мемлекеттік қызметтерді арнайы сайттан іздеумен шектелмей, өзіне ыңғайлы коммуникация арнасы арқылы ала алады. Бұл чат, цифрлық ассистент немесе әлеуметтік желілердегі интерфейс болуы мүмкін.
– Біз мұны мемлекетпен өзара іс-қимылдың жаңа тәсілі деп санаймыз. Негізгі мақсат технологияны жай ғана енгізу емес, азамат үшін елдегі мемлекеттік қызметтерді барынша ыңғайлы және түсінікті ету, – деп түйіндеді спикер.
Бұған дейін цифрлық мемлекет құруда деректердің рөлі қандай екенін жазғанбыз.