Мемлекеттік кірістер комитеті басшысының өкілеттігі нақтыланды

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті туралы ережеге өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

Деректердің сапасын тексеретін дата-аудитор институты құрылуы мүмкін – Ұлттық бюро
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Жаңа өзгерістерге сәйкес, комитет басшысы егер заңнамада өзгеше тәртіп көзделмесе Қаржы министрі тарапынан лауазымға тағайындалып, қызметтен босатылады.

Комитет басшысы өзінің орынбасарларының, құрылымдық бөлімшелер басшыларының, сондай-ақ Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар бойынша мемлекеттік кірістер департаменттері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды.

Сонымен қатар комитет басшысы заңнамаға сәйкес бірқатар лауазымды тұлғаларды тағайындау және қызметтен босату жөніндегі өкілеттікке ие.

Атап айтқанда, оның құзыретіне комитет басшысының орынбасарларын, мемлекеттік қызметшілерді, өңірлердегі мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшыларын, Бас диспетчерлік басқарма басшысын, мамандандырылған мемлекеттік мекеме басшысын және комитет қарамағындағы ұйым басшысын тағайындау мен қызметтен босату кіреді.

Бұдан бөлек, комитет басшысы өз құзыреті шегінде қызметкерлерге іссапар және еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау және қайта даярлау, біліктілігін арттыру, көтермелеу мәселелерін шешеді. Сондай-ақ қызметкерлерге үстемеақы мен сыйақы төлеу мәселелерін қарайды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік архивтерге «Ұлттық» мәртебе беру қағидаларына өзгерту енгізетін Жарлыққа қол қойғанын жазған едік.