Мемлекеттік кірістер комитеті өзін-өзі жұмыспен қамтыған 500 мың адамды «көлеңкеден» шығармақ
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кірістер комитеті осы жылдың соңына дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған 500 мың адамды «көлеңкеден» шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев мәлім етті.
Оның пайымынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін.
— Үкіметтің мәліметінше, бүгінгі күні 300 мыңнан астам жеке тұлға өзін-өзі жұмыспен қамту режимі аясында заңдастырылған. Алайда, біз бұл көрсеткіш толық шынайы емес екенін білеміз, яғни әлеует бар. Биыл біз 500 мыңға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматты тіркеуді қамтамасыз етеміз. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, — деді комитет басшысы.

Төрағаның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы екі айында бюджет 117 пайызға орындалды. Сонымен қатар, республикалық бюджетке түсетін салық түсімдері 2025 жылмен салыстырғанда 29 пайызға артты. Дегенмен, кейбір экономикалық қызмет түрі әлі де көлеңкеде қалып отыр.
— Нарықтың бір бөлігі көлеңкеде болған кезде, жүктеме адал бизнеске түседі. Бұл әділетсіз, біз мұны түсінеміз. Көлеңкелі экономиканың үлесі 2019 жылғы 23 пайыздан 2024 жылы 16, пайызға дейін төмендеді. Алдымызға қойылған мақсатты көрсеткіштер — 2026 жылы 14,5 пайыз және 2028 жылы 13,8 пайыз, — деді ол.

Бұған дейін елімізде салалық қолдау шараларын ұсыну барысында туындайтын фискалдық тәуекелдер үшін министрліктер мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігін бекіту жоспарланып отырғанын жазған едік.