Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы «Бақты» және «Алакөл» өткізу пункттеріне барды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев жұмыс сапары шеңберінде Қазақстан-Қытай шекарасындағы негізгі «Бақты» мен «Алакөл» кедендік өткізу пунктін жаңғырту барысымен танысты.
Комитет мәліметінше, «Бақты» өткізу пунктінде ЕАЭО сыртқы шекарасын жаңғырту жобасы шеңберінде ауқымды құрылыс және техникалық жұмыстар жалғасып жатыр. Белсенді реконструкцияға қарамастан, объект жүктер мен жолаушылардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ете отырып, штаттық режимде жұмыс істейді.
Қозғалыс жолақтарын кеңейту, қазіргі заманғы инспекциялық-тексеру кешендерін монтаждау, автоматты таразылар мен цифрлық бақылау жүйелерін орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
МКК төрағасы барлық құрылыс және монтаждау жұмыстарының аяқталуын жеделдетуді, кеден маңындағы инфрақұрылымға рәсімдерді шығару есебінен шекарада бақылауды барынша азайтуды тапсырды.

«Алакөл»: цифрландыру мүмкіндігі
«Алакөл» өткізу пунктінде реконструкциялау аяқталды және 2025 жылғы 12 мамырдан бастап ол толық көлемде жұмыс істейді.
- жылдам сканерлеудің жете тексеру кешендері;
- автоматты салмақ габаритті өлшегіштер;
- нөмір белгілерін тану жүйелері;
- логистикалық бақылаудың интеграцияланған жүйесі енгізілді.
Жолақ саны 2-ден 6-ға дейін ұлғайтылды, бұл шекарадан өту уақытын 1-2 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Жыл соңына дейін шекарадан өтудің орташа уақыты 10-15 минутқа дейін жеткізілсін. Негізгі акцент — цифрландыру және қағаз рәсімдерінен толық бас тарту. Инспекция қорытындысы бойынша Жандос Дүйсембиев осындай тапсырма берді.
9 өткізу пункті басымдықта
Ұлттық жаңғырту жобасы шеңберінде 9 автомобиль өткізу пунктін техникалық қайта жарақтандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.
Бүгінде 4-еуінің жұмысы аяқталды: «Қалжат» және «Алакөл» (ҚХР-мен шекарада), «Қапланбек» және «Атамекен» (Өзбекстанмен шекарада).
2025 жылдың соңына дейін тағы 5 өткізу пунктін жаңғыртуды аяқтау жоспарланып отыр: «Қазығұрт», «Тәжен», «Темір баба», «Майқапшағай» және «Бақты».
Жаңғыртудың мақсаты – азаматтардың, бизнестің мүддесі және елдің сыртқы экономикалық тұрақтылығы үшін үздік халықаралық стандарттарға сай келетін қазіргі заманғы, технологиялық және жоғары тиімді өткізу пункттерін құру.
Айта кетейік, Қазақстанда 2030 жылға дейін 37 өткізу пункті жаңғыртылады.