Мемлекеттік құрылыс жобалары банкі жаңа тәртіппен жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрі 2026 жылғы 15 мамырдағы бұйрықпен мемлекеттік құрылыс жобалары банкін қалыптастыру, жүргізу және типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы ұсынудың жаңа қағидаларын бекітті.

баспана
Фото: Kazinform

Қағидалар мыналарды қамтиды:

  • мемлекеттік құрылыс жобалары банкін қалыптастыру және жүргізу тәртібі;

  • мемлекеттік құрылыс жобалары банкінен байланыстыру үшін типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы ұсыну тәртібі.

Мемлекеттік банкті қалыптастыру мен жүргізудің мақсаты — пайдаланушыларға мемлекеттік банкте орналастырылған типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы байланыстыру үшін ұсыну. Типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы өзге мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.

Мемлекеттік банк қызметінің негізгі бағыттары:

  • каталогты қалыптастыру, жүргізу және қолжетімділігін қамтамасыз ету;

  • типтік жобалар немесе жобалық-сметалық құжаттаманы ұсыну.

Мемлекеттік банк «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды әзірлеу мен сараптамасын ұйымдастыру порталының бір бөлігі.  

Құжатта мемлекеттік инвестициялар есебінен жасалған сәулет, қала құрылысы туындыларына авторлардың мүліктік құқықтары сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган мен мемлекеттік сараптама ұйымына тиесілі екені айтылған.

Мемлекеттік банкте мемлекеттік инвестициялар есебінен әзірленген жаңа құрылыс нысандарын салуға арналған типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттама орналастырылады.

Мемлекеттік банкте мыналар орналастырылмайды:

  • кешенді ведомстводан тыс сараптаманың теріс қорытындысын алған типтік жобалар немесе жобалық-сметалық құжаттама;

  • мемлекеттік инвестициялар есебінен іске асырылмайтын құрылыс жобаларының жобалық-сметалық құжаттамасы;

  • құпия немесе «қызметтік пайдалану үшін» белгісі бар типтік жобалар немесе жобалық-сметалық құжаттама;

  • желілік құрылыстар, инженерлік және (немесе) көлік инфрақұрылымы жобалары;

  • азаматтық қорғаныс жобалары;

  • ғарыш инфрақұрылымы жобалары;

  • банктер жобалары.

Сонымен қатар, төмендегілерді көздейтін құрылыс жобалары да орналастырылмайды:

  • құрылыс нысандарын күрделі жөндеу немесе ғимараттар мен құрылыстарды реставрациялау;

  • пайдаланылып жатқан құрылыс нысандарын реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту немесе техникалық қайта жарақтандыру;

  • авариялық нысандарды бұзудан басқа, құрылыс нысандарын кәдеге жаратудан кейінгі жұмыстар;

  • құрылысы тоқтатылған аяқталмаған нысандарды консервациялау (деконсервациялау).

Кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы берілгеннен кейін типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы мемлекеттік банк операторы 3 жұмыс күні ішінде қағидаларға сәйкестігі тұрғысынан тексереді. Нәтижесінде олардың соңғы нұсқалары порталға орналастырылады.

Мемлекеттік банкке енгізілген типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттама бойынша мынадай мәліметтерді қамтитын каталог қалыптастырылады:

  • атауы;

  • тапсырыс беруші;

  • жобалау ұйымы;

  • жобаның кешенді ведомстводан тыс сараптамасының оң қорытындысының нөмірі мен күні;

  • техникалық-экономикалық параметрлері.

Каталогқа қол жеткізу үшін пайдаланушы порталға тіркеліп, типтік жобалармен және (немесе) жобалық-сметалық құжаттамамен жұмыс істеу тәртібі туралы келісімге ЭЦҚ арқылы қол қоюы қажет.

Типтік жобаны немесе жобалық-сметалық құжаттаманы байланыстыру үшін алу мақсатында пайдаланушы портал арқылы ЭЦҚ-мен куәландырылған хабарлама жолдайды.

Типтік жобаны немесе жобалық-сметалық құжаттаманы беру порталдағы пайдаланушының жеке кабинеті арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.

Пайдаланушыға жобаның тиісті бөлімдері үшін жауапты сарапшылардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған типтік жоба немесе жобалық-сметалық құжаттаманың соңғы редакциядағы электрондық нұсқасы жіберіледі.

Мемлекеттік банктен типтік жобалар мен жобалық-сметалық құжаттаманы байланыстыру үшін беру мемлекеттік сараптама ұйымы арқылы тегін негізде жүзеге асырылады.

Жобалық-сметалық құжаттама бойынша кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындылары мемлекеттік банкте кемінде үш жыл сақталатыны белгіленді.

Ал типтік жобалар мемлекеттік банкте тұрақты түрде орналастырылып, сақталады.

Бұйрық 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Сонымен қатар, 2015 жылғы мемлекеттік құрылыс жобалары банкін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ техникалық-экономикалық негіздемелерді, типтік жобалар мен жобалық (жобалық-сметалық) құжаттаманы ұсыну қағидаларының күші жойылады.

Еске сала кетейік, жақында елімізде құрылыс күрделілігін бағалаудың жаңа өлшемшарттары бекітілді.