Мемлекеттік марапат жауапкершілікті еселей түседі – Ұлттық ұлан жауынгері

Нұрбол Асқап
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

ОРАЛ. KAZINFORM – Ақордада елімізде болған су тасқыны кезінде белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсіміне қатысқандардың бірі – ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің әскери қызметшісі, ефрейтор Нұрбол Асқап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев батысқазақстандық әскери қызметшіні «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Нұрбол Асқап Мемлекет басшысының қолынан осындай жоғары марапат алу үлкен мәртебе екендігін айтты.

«Ел Президенті кеудеме осы медальді таққан сәтте тұла бойымды мақтаныш пен қуаныш сезімі тербеп, өзіме өзім сене алмадым. Әрине, ол сәттегі толғанысты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол сәтте менің түсінгенім, маған артылған жауапкершіліктің еселене түскенін сезіндім. Бұл медаль мен үшін өте ыстық. Себебі, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы қатарындағы қызмет барысында ие болған алғашқы медалімнің орны ерекше», деді Нұрбол Асқап.

Ұлттық ұлан
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Ұлттық ұлан жауынгері биылғы 21 сәуірде Оралдағы саяжай аумағында тасқын сумен ағып бара жатқан ер адамды құтқарып қалуға қатысқан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында ер адамның тасқын сумен ағып кете жаздағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ батысқазақстандық құтқарушы Президенттің қолынан марапат алу үлкен құрмет екендігін айтты.

 

Соңғы жаңалықтар