Мемлекеттік материалдық резервтен 80 тонна азық-түлік, 158 тонна мұнай өнімдері Атырауға жіберілді

Мемлекеттік материалдық резервтен 80 тонна азық-түлік, 158 тонна мұнай өнімдері Атырауға жіберілді
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге теміржол, автомобиль көліктерімен және әуе кемелерімен 3 290 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш айтып берді.

«Мемлекеттік материалдық резервтен Атырау облысына қосымша 81 тонна азық-түлік тауары мен 158 тонна мұнай өнімдері, Батыс Қазақстан облысына 10 мың адамға арналған төсек-орын жабдықтары броньнан шығарылды. Жалпы зардап шеккен өңірлерге теміржол, автомобиль көліктерімен және әуе кемелерімен 3 290 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді», - деді Е.Сайпаш Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингіде.

Оның айтуынша, Ақмола облысы Есіл, Жабай өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Жарқайың ауданының Гастелло ауылында, Жақсы ауданының Ишимское ауылында, Сандықтау ауданының Каменка ауылында, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Соколовка, Большая малышка, Кустовое, Вагулина, Красноярка, Пресновка ауылдарында 50 жеке тұрғын үй су астында қалды. Онда 600-ге жуық адам алдын ала эвакуацияланды.

«Су басу қаупіне байланысты қазіргі уақытта Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс ауылында эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 38 ТЖ режимі бар», - деді спикер.

Соңғы жаңалықтар