Мемлекеттік меншіктегі мектептерді жекеге беруге тыйым салынады – Мәжіліс

Мемлекеттік меншіктегі мектептерді жекеге беруге тыйым салынады – Мәжіліс
Фото: gov.kz

Оқушылардың бағасы мен үй тапсырмасы түралы ақпаратты ата-аналарға тегін  беру туралы нақты міндеттер белгіленді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform. 

«Бұл құжатта мемлекеттік меншіктегі мектеп пен колледждерді жеке меншікке беруге тыйым салатын норма бар. Бұл өте маңызды норма. Сәйкесінше, енді барлық мемлекеттік білім беру мекемелері жекешелендіруге жатпайтын болады», - деді А.Аймағамбетов.

Келесі норма жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, ашықтық пен бірізділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

«Заңда балабақшаға баланы кезекке қоюды, одан орын беруді және білім беру қызметкерлерін жұмысқа алуды тек бірыңғай ақпараттық бағдарлама аясында ұйымдастыру бойынша норма енгізілді», - деді депутат.

Сонымен қатар ол ата-аналардан көп түсетін шағымның бірі – оқушылырдың бағасы мен үй тапсырмасына тегін қол жеткізу мәселесіне қатысты.

«Бұл тақырыпта бірнеше депутаттық сауалдар жарияланған. Осыған орай заң жобасында оқушылардың бағаcы мен үй тапсырмаcы түралы ақпаратты ата-аналарға тегін беру туралы нақты міндеттер белгіленді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. 

Құжат аясында оқышулардың сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануына шектеу енгізілді.

Соңғы жаңалықтар