Мемлекеттік органдар заң жобалау жұмысын нашар жоспарлаған – министр
ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев Үкіметтің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының қалай орындалғанын қорытындылады, деп хабарлайды Kazinform.
2023 жылға арналған Үкіметтің заң жобалау жұмыстары жоспары Парламент Мәжілісіне 32 заң жобасын әзірлеуді және енгізуді көздеген.
«Жыл ішінде бұл жоспарға 7 өзгеріс енгізілді. 4 заң жобасы бойынша енгізу мерзімдері ауыстырылды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша заң жобасы алып тасталды және 8 жаңа жоба толықтырылды. Қазіргі уақытта 32 жобаның бесеуіне Мемлекет басшысы қол қойды, 20-сы Парламенттің қарауында, 5-еуі Үкіметтің қарауында, екеуі мемлекеттік органдарының келісуінде», - деді А. Есқараев Үкіметтің қорытынды отырысында.
Өз кезегінде, министрліктердің қайта құрылуына, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықпен тұжырымдамалық мәселелерді пысықтауға байланысты Су және Құрылыс кодекстерінің жобалары бойынша жұмыс жалғасуда.
«Мемлекеттік органдардың заң жобалау жұмысын нашар жоспарлағанына назар аударғым келеді, оның нәтижесі – мерзімдерінің жиі өзгеруі және жоспардан алып тастау болып отыр. Мысалы, Су кодексінің жоспарға сәйкес енгізу мерзімдері екі рет түзетіліп, Үкіметке мерзімі бұзылып енгізілді. Бұдан басқа, жоспардан тыс 18 заң жобасы әзірленді, 70-ке жуық жекелеген түзету топтамасына бастама жасалды, бұл заң жобалау жұмысынның тиісті жоспарлаудың болмағанын көрсетеді.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Әлихан Асханұлы, мемлекеттік органдарға заң жобалау жұмысын жоспарлау кезінде болжамды-талдамалық жұмысты күшейтуді тапсыруды сұраймын», - деп сынға алды Әділет министрі.