Мемлекеттік органдарда «командалық ауысуға» қалай тосқауыл қойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі мемлекеттік қызмет реформасындағы басты бағыт кәсіби мемлекеттік қызметшілерді қорғауға арналды. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Астана мемлекеттік қызмет хабы басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов айтты.

ыв
Фото: Kazinform

- 1998 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік қызмет реформасының ең өзекті бағыты - ол кәсіби мемлекеттік қызметшілерді қорғау. Сол реформаны 1999 жылы бастардың алдында, осы процеске жауапты едім. Сол кезде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тұңғыш төрағасы болдым. Осы ауқымды жұмыс кезінде тиісті талдау жүргіздік. Бұл тұрғыда 1996-1998 жылдары министрлер тағайындалған кезде, кейде 2-3 айда оның аппаратының 60 пайызына дейін ауысып кететіні анықталды. Себебі, ол уақытта мемлекеттік қызметшілер заңмен қорғалмаған, - деді Ә. Байменов.

Осы орайда ол 1999 жылы қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға арнайы бап енгізілгенін еске салды.

- Бұл ретте, саяси мемлекеттік қызметшінің ауысуы кәсіби мемлекеттік қызметшінің жұмыстан кетуіне негіз бола алмайтынын заңмен бекіттік. 2013 жылы «А» корпусы деп іріктеу өткізіп, аудан әкімдері, комитет төрағаларын 4 жыл келісімшартқа отырғыздық. Олар 4 жыл келісімшарттағы көрсеткіштерге қол жеткізсе, басшылар оларды жұмыстан босата алмайды. Бұл қадамдар кәсіби тұрақтылыққа бағытталған еді. Біздің қоғамда өзінің құқығын заң жүзінде қорғау дәстүрі енді қалыптасып келеді. Бұл жағдай тек мемлекеттік қызметте емес, жалпы бағыттарды айтып отырмын. Кейбір салаларда ол тезірек қалыптасты, яғни мүлікке, жеке меншікке қатысты. Ал қызметке қатысты бағытта сәл қалыс келе жатыр. Олар неден қорқады? «Ертең бір пәлеге ілектіріп жібереді» деген үрей болады. Өздеріне сенімсіз болғандықтан, күнделікті күреске дайын болмағандықтан, арызын жазып, жұмыстан кетуді жөн санайды. Атап айтқанда, арыз жазбаса, оларды жұмыстан ешкім кетіре алмайды, - деді Астана мемлекеттік қызмет хабы басқару комитетінің төрағасы.

Бұған дейін хабарланғандай, Әлихан Байменов Терминком мүшелері қандай шет тілдерін білуі керектігін айтты.