Мемлекеттік орман шаруашылықтарындағы өрт сөндіруші машиналардың 72%-ы ескірген

АСТАНА. KAZINFORM –  Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында елдегі орман шаруашылықтарының жазғы-күзгі өрт маусымына дайындығы туралы мәлімет ұсынды.

Мемлекеттік орман шаруашылықтарындағы өрт сөндіруші машиналардың 72 %-ы ескірген
Фото: БҚО ТЖД

«Орман шаруашылығы мекемелеріне қарасты өрт сөндіру станцияларында 1259 өрт сөндіруші жұмыс істейді. Қазіргі кезде өрт сөндіру станцияларын материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкімет табиғат қорғау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған, жалпы қаржыландыру көлемі 68,6 млрд теңгеден асатын кешенді жоспарды қабылдады. Былтыр министрліктің табиғатты қорғау ұйымдары үшін 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. 25 өрт сөндіру автомашинасы, 51 шағын орман өрті кешені, 154 трактор, 73 патрульдік автомашина және 655 бірлік өртке қарсы жабдық (дискілі тырмалар, соқалар, тіркемелер және басқалар) сатып алынды. Аталған шаралар министрліктің табиғатты қорғау мекемелерінің жарақтандырылуын 57-ден 71%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді», - деп жазылған министрлік мәліметінде.

Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктер жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру автомашинасын, 127 тракторды және 76 патрульдік машинаны сатып алған көрінеді.

«Бұл ретте орман шаруашылықтарының жарақтандырылуы 75-тен 79%-ға дейін ұлғайтылды. Барлық мемлекеттік орман иелері бойынша жарақтандырудың артуына қарамастан, қолда бар техниканың тозу пайызы жоғары болып отыр және өрт сөндіру машиналары бойынша 72%, тракторлар бойынша 50% және патрульдер бойынша 55%. Осы жылға азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары шеңберінде 16,7 млрд теңге, оның ішінде экология министрлігі үшін 9,1 млрд теңге және жергілікті атқарушы органдар үшін 7,6 млрд теңге жоспарланған. Министрліктің 2024 жылға арналған бюджетін қалыптастыру кезінде материалдық-техникалық жарақтандыруға 5,4 млрд теңге бөлінді», - делінген жауапта.