Мемлекеттік рәміздерді қолдану ісін жетілдіру жөніндегі жоспар бекітіледі

үкімет
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік рәміздерді қолдану ісін жетілдіру жөніндегі кешенді жоспар бекітіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған. 

«Биылғы оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымына «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» енгізілді. Бағдарлама міндеттерінің бірі - мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, ел бірлігін сақтауға тәрбиелеу. Сонымен қатар барлық білім беру ұйымы жыл сайын 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде түрлі имидждік іс-шаралар өткізеді. Мемлекеттік рәміздер туралы аудио және бейнероликтер көрсетіліп, оқушылар мен педагогтер арасында «Қазақстанның Туын қолда», «Менің Туым – менің мақтаныншым» атты сондай-ақ «Әнұран орындау» челлендждері ұйымдастырылады», - деп атап өтеді бірінші вице-премьер.

Оның атап өтуінше, Мәдениет және ақпарат министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, тұрақты түрде мемлекеттік рәміздердің заң талаптарына сәйкес қолданылуы және өзге де геральдикалық мәселелер бойынша республикалық оқыту семинарын өткізіп тұрады.

«Елімізде «Отанды сүю – жүректен» медиажобасы, «Туымыз төрімізде» атты жалпы ұлттық акциясы өткізілуде. Мобильдік бағдарлама «Aqyl battle» қосымшасына мемлекеттік рәміздерге арналған арнаулы блок іске қосылды. Бұдан бөлек Қазақстандық патриотизмді насихаттау және мемлекеттік рәміздерді қолдану ісін жетілдіру жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар пысықталуда. Ол бірінші жартыжылдықта бекітілетін болады», - деді Роман Скляр.

Соңғы жаңалықтар