Мемлекеттік сатып алу мерзімін қысқартқымыз келіп отыр – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде мемлекеттік сатып алудың мерзімі қысқаруы мүмкін. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлім етті.
«Қазір мемлекеттік сатып алу жөніндегі заң жобасы Мәжілістің қарауында. Заң жобасы талқылаудан өтеді, шынында да, мемлекеттік сатып алуға қатысты сұрақ көп. Жаңа заң жобасында мемлекеттік аудит комитетінің конкурсқа араласуынан бас тартуды жөн шештік. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алудың мерзімін қысқартқымыз келіп отыр», - деді Мәди Такиев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, министр аталған салада қиындық, кедергілердің барын айтты.
«Біздің басым міндет - шағын және орта бизнестің сатып алуға қатысуы үшін, отандық тауар өндірушілерге назар аудару. Сондай-ақ, қараудағы заң жобасында шағын және орта бизнес үшін барлық тауардың тізбесін көрсететін міндетті нормативтік акт болады», - дейді ведомство басшысы.