Мемлекеттік сатып алуда отандық тауарлар тізімі кеңейтіліп жатыр — министр
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін отандық өнім тізіміне 5 мыңнан астам тауар енгізілді. Бұл туралы Құрылтайда өңдеуші секторды ынталандыруға арналған Үкімет сағатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.
— Отандық өндірісті қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі — ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың сатып алуында отандық өнімге басымдық беру. Биыл жарты жылдың қорытындысы бойынша осындай сатып алудың жартысынан астамы, яғни 7,5 трлн теңгесі қазақстандық жеткізушілердің үлесіне тиесілі. Алайда тауар сатып алудағы отандық өнімнің үлесі әзірге 33% шамасында болып отыр. Бұл отандық өндірісті дамыту үшін әлі де айтарлықтай әлеует бар екенін көрсетеді. Осы әлеуетті іске асыру үшін мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін отандық тауарлар тізімі жыл сайын кеңейтіліп келеді. Қазір бұл тізімге елімізде өндірілетін 5 мыңнан астам тауар енгізілген. Осының нәтижесінде отандық кәсіпорындармен жасалатын келісімшарт саны да артып, былтыр олардың саны 169 мыңға жуықтады, — деді Ерсайын Нағаспаев.
Сонымен қатар ол осындай қолдау «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуында да қарастырылғанын айтты.
— Ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар арқылы жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік беріліп отыр. Қатты пайдалы қазбаларды өндіруші компаниялардың сатып алу жүйесі де жақсарып келеді. Атап айтқанда, жекелеген тауарларды тауар биржалары арқылы сатып алуға шектеу қойылып, TIZILIM электрондық сатып алу алаңы жаңартылды. Сонымен қатар отандық тауарларды сатып алу көлемін арттыру және ұзақ мерзімді келісімшарт жасау бойынша арнайы бағдарламалар енгізілуде. Отандық өндірісті дамытудың тағы бір тиімді жолы — офтейк-келісімшарттар, яғни тапсырыс беруші өнімді алдын ала сатып алуға кепілдік береді. Ал өндіруші жаңа өндіріс ашуға немесе қолданыстағы өндірісін кеңейтуге міндеттеме алады. Осы тетік арқасында 2023 жылдан бері қатты пайдалы қазбаларды өндіруші компаниялармен 800 миллиардқа жуық сомаға 104 офтейк-келісімшарт жасалды, — деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, мұнай-газ саласында 3 млрд теңгеге 109 офтейк-келісімшарт жасалған. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының жаңа өндіріс ашу бағдарламасы аясында 657 млрд теңге болатын 1400-ден астам офтейк-келісімшарт жасалды.
Бұған дейін Құрылтайда импортқа тәуелділікті азайтудың тетіктері ұсынылғанын жазған едік.