Қазақстандық телеарналар неліктен UFC турнирлерін көрсетпейді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Былтыр 8 желтоқсан күні UFC 310 турнирінде отандасымыз Шавкат Рахмонов бақ сынап, жеңіске жетті. Жарыс күні қазақстандық көрермендер әлеуметтік желіде UFC жекпе-жектері барлығына қолжетімді мемлекеттік арналарда, оның ішінде Qazsport арнасында көрсетілмегеніне наразылығын білдірді. Осы орайда, Kazinform агенттігі Мәдениет және ақпарат министрлігінен мемлекеттік телеарналардағы трансляция мәселесіне байланысты сауал жолдады.

— UFC ұйымының қамқорлығымен өтетін жекпе-жектердің (ММА) Қазақстан аумағындағы трансляция құқығы «Setanta Sports» компаниясына тиесілі. Айта кету керек, UFC трансляция құқығын бірнеше маусымға тендер арқылы сатады. Сонымен қатар ұйым қазақстандық спортшылардың қатысуымен өтетін жекпе-жектердің трансляция құқығын бөлек сатпайды, - деп хабарлады ведомстводан.
Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауабына сәйкес, отандық Qazsport телеарнасы қалыптасқан жағдайды шешу жолын іздеп, Рахмоновтың жекпе-жегін мемлекеттік телеарна эфирінде көрсету туралы құқық иесіне ұсыныс жасаған. Алайда «Setanta Sports» бұл жекпе-жекті тек өзінің қазақстандық кабельдік телеарнасында, сонымен қатар қосымшасы арқылы көрсетуге ниет білдірді.

Спорт журналисі әрі Youtube желісіндегі танымал спорттық арнаның жүргізушісі Петр Воликов қазіргі уақытта қазақ спортшыларының жекпе-жектерін көру үшін трансляция іздейтін қазақстандықтардың әлі де бар екенін айтты.
— Мемлекеттік телеарналарда UFC турнирлерін көрсету маңызды. Себебі көрермендер Шавкат, Асу, Бекзат, Мақсұм және өзге де жерлестеріміздің жекпе-жектеріне трансляция таппай қиналғандары туралы жиі айтады. 1 жыл бұрын жарыс күні, мысалы Шавкат шығатын кезде трансляцияға сілтеме сұрайтындар өте көп еді. Setanta Sports телеарнасы UFC турнирлеріне көрсете бастағалы, жекпе-жекті қайдан көруге болатынын сұрайтын адамдар азайды. Бірақ мүлдем жоқ емес, ондай адамдар әлі де бар. Егер Qazsport телеарнасы көрсеткенде бұл жеңілірек болар еді, - дейді спорт сарапшысы.

Петр Воликов UFC ұйымының жекпе-жектері мен жалпы ММА спортына қазақстандық көрермендердің қызығушылығы не себепті артқанына тоқталды.
— Меніңше, аралас жекпе-жекке деген қызығушылық кеше ғана пайда болған жоқ, ол бұрын да болды. Мысалы, кәсіби спортшылар мен ММА жанкүйерлерінің көбісі аралас жекпе-жекті Pride ұйымының заманынан көре бастағанын айтады. UFC пайда болғаннан кейін назар сонда қарай ауысты. Қазір жанкүйерлер қатары көбейіп келеді. Бұл Шавкат және өзге де спортшыларымыздың UFC-дегі жеңістеріне байланысты болып отыр, - дейді ол.
Еске салайық, бүгінде UFC ұйымында 6 қазақстандық файтер бар. Олар: Шавкат Рахмонов, Асу Алмабаев, Бекзат Алмахан, Азат Мақсұм, Николай Веретенников және Дияр Нұрғожа. Бұдан бөлек әлемдік промоушнде Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов және Мария Агапова бұрын өнер көрсетті. Одан бөлек ресейлік қандасымыз Дамир Ысмағұлов та UFC-де Қазақстан туымен шықты.


Айта кетейік, 6 отандасымыздың ішінде екеуі UFC рейтингіне кіреді. Рахмонов кейінгі жекпе-жегінде Иэн Гэрриді жеңгеннен кейін жартылай орта салмақта 2-орынға көтерілді.
Ал былтыр қазан айында UFC Fight Night 245 турнирінде бразиялиялық Матеус Николауды жеңген Асу Алмабаев ең жеңіл салмақтағы спортшылар тізімінде 7-орынға көтеріліп, кейін 8-орынға түсті.
Енді 1 наурыз күні өтетін UFC Vegas 103 турнирінде Асу Алмабаев аустралиялық Стив Эрцегпен кездеседі.
Ал Шавкат Рахмонов 2025 жылдың ішінде жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы Белал Мұхаммадпен жекпе-жек өткізеді деп жоспарланған.