Мемлекеттік тіл тақырыбындағы байқауда Kazinform тілшісі жүлдегер атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің аналитикалық шолушысы Мөлдір Қалымбет «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауында жүлделі III орынға ие болды.
Байқауды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырды. Жеңімпаздарға жүлдемен қатар қаржылай сыйлық табысталды.
Биыл байқауға кәсіби журналистер, телевизия және радио қызметкерлері, газет-журналдар мен интернет-басылымдардың өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік тіл тақырыбында материал әзірлеген мамандар қатысты. Қазылар алқасына 150-ден астам жұмыс ұсынылды.
Байқау «Үздік мақала» және «Үздік теле/радиобағдарлама» номинациялары бойынша өтті. Қатысушылар мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, заманауи медиатехнологиялар, мультимедиалық сторителлинг, аналитикалық журналистика және инновациялық медиа шешімдерге арналған қазақ және орыс тілдеріндегі жұмыстарын ұсынды.
Жеңімпаздарды анықтау кезінде материалдардың мазмұндық сапасымен қатар, мультимедиалық мүмкіндіктерді пайдалану, дата-журналистика элементтері, заманауи медиатәсілдер, тақырыпты ашу деңгейі және аудиторияға ықпалы ескерілді.
Айта кетейік, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауы биыл 21-ші рет ұйымдастырылды.