Мемлекеттік ұйымдар киік еті өнімдерін сатып алады
АСТАНА. KAZINFORM – Елде киік етін өткізудің қандай балама жолдары қарастырылып жатыр? Бұл сұраққа Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жауап берді.
- Комитет ақбөкен етін қайта өңдеу көлемін арттыру мақсатында киіктің бұқтырылған және басқа да ет өнімдерін Тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығына (Тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер каталогы) енгізу мәселесін пысықтады, - делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Атап айтқанда, бұған дейін каталогқа тек бір позиция енгізілген болатын: 101315.910.000006 — консервіленген киік еті.
Жұмыс нәтижесі бойынша каталогқа қосымша тағы 4 позиция енгізілді. Оның қатарында:
- киік салқындатылған жарты еті (101139.900.000006);
- киіктің салқындатылған тұтас еті (101139.900.000007);
- киіктің мұздатылған жарты еті (101139.900.000004);
- киктің мұздатылған тұтас еті (101139.900.000005) бар.
- Бұдан бөлек, 2026 жылғы 4 тамызда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі киіктің консервіленген етін мемлекеттің материалдық резервіндегі материалдық құндылықтарын сақтау нормативтеріне қосу нормасын бекітті. Осылайша, мемлекеттік ұйымдар белгіленген тәртіппен киік еті өнімдерін сатып алуды жүзеге асыра алады, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Еске салсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінің бағасын ұсынылған мөлшерден, яғни 1600 теңгеден түсіруді қарастырып жатқан жоқ.
Елімізде киік етіне деген сұраныс төмендеген. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі оны өткізудің балама жолдарын қарастырып жатыр. Соның бірі — киік етін мемлекеттік сатып алу аясында сатып алып, кәсіпорын қызметкерлерінің тамақтану рационына енгізу.
Айта кетейік, биологиялық негіздемеге сәйкес, 2026 жылы 580 000 киікті аулау ұсынылды.