Мемлекеттік-жекешелік әріптестік: ең белсенді алты өңір анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобалары бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелердің жалпы көлемі 2 трлн 662 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазақстандық МЖӘ орталығының басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин мәлімдеді.
Оның сөзінше, қабылданған қаражаттың шамамен 40%-ы орындалған.
— Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында мемлекеттік міндеттемелер толық көлемде орындалды. Алматы қаласы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе және Павлодар облыстарында төлемдердің орындалу деңгейі 80%-дан асты. Алдағы үш жылда қосымша 763 млрд теңге төленеді деп жоспарланып отыр, — деді Аслан Қалиғазин.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру тиімділігін арттыру мақсатында жыл сайын өңірлердің рейтингі жарияланады. Рейтинг енгізілгеннен кейін әкімдіктер өз жобаларына бақылауды күшейтіп, құжаттаманы жүйелеп, инвестиция тартуға басымдық берген.
— 2025 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы, Астана қаласы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Жетісу облыстары көшбасшылар қатарына енді. Бұл өңірлер инвестицияны көбірек тартып, жобалардың іске асырылуын мұқият қадағалаған. Ал Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Ақмола облыстары рейтингтің төменгі сатысында тұр, — деді ол.
Бұған дейін елімізде ендігі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты тек конкурстық негізде жасалатыны туралы хабарлаған едік.