Меморгандар ақпаратты 15 күнде береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдар халықтың кез-келген сауалына 15 күннің ішінде сапалы, толық, түсінікті жауап қайтаруға міндеттеледі. Бұл туралы 30 қыркүйекте Мәжілісте «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік органдардың халыққа ақпарат беруіне 30 күн кететін болса, ол енді 15 күнге дейін қысқарады.
None
None

«Екіншіден, мемлекеттік органдардың ғаламторда орналастыратын ақпараттарының егжей-тегжейлі тізімі реттелуде. Халық сұрау салмай-ақ, ғаламторға кіріп, өзіне керекті ақпаратты еркін алатын жағдай туғызылады. Сондықтан ғаламторда қандай дәрежедегі ақпарат орналастырылатыны нақты жазылуда»,- деп түсіндірді заң жобасының жаңалықтарын Мәулен Әшімбаев. Үшіншіден, әкімдер сияқты министрлер де халықтың алдында жыл сайын есеп береді. Заң жобасында осы есеп беруді өткізуді реттейтін норма енгізілген. Депутаттың айтуынша, мұның механизмі мынадай болмақ: Министрлер өз саласы бойынша жылына бір рет жұртты жинап, оның алдында есеп береді. Жиынға аталған саланың мамандары, абыройлы тұлғалары шақырылады. Ал есеп беруді өткізу рәсімін қоғамдық кеңестер ұйымдастырады. «Ең бастысы, есеп беру формальды түрде болмауы керек. Саланың барлық түйіткілді мәселелері ашық айтылуы тиіс. Біз қазір осы есептерді онлайн-жүйесінде халыққа тарату жағын да қарастырып жатырмыз»,- деді М. Әшімбаев.

Жаңа заңның жаңалықтарының бірі - «Электронды Үкіметтің» веб-порталында «бірыңғай терезе» ашу болып табылады. «Бірыңғай терезеде» мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілерімен қоса, бюджет есебі мен аудит және қаржылық бақылау нәтижелері, мемлекеттік органдардың қызметін бағалау жөніндегі ақпарат, стратегиялық жоспарлар мен аймақтарды дамыту бағдарламасының мақсатты индикаторларына қол жеткізу туралы есеп жарияланады. Өз кезегінде мұндай ноу-хау халыққа қызығушылық танытқан ақпаратын жедел алуына мүмкіндік береді. Мәулен Сағатханұлының айтуынша, мемлекеттік органдар халыққа, бизнес өкілдеріне құпия ақпараттан басқа ақпараттың бәрін беруге міндеттеледі. Ал БАҚ өкілдері ондай ақпаратқа сұрау салса, ол «БАҚ туралы» заңның аясында реттеледі.

Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, ақпаратты бермеген, бұрмалаған мемлекеттік қызметшілерге айыппұл салынады. Мәулен Әшімбаев бұл туралы мынадай түсінік берді: «Егер де сұрау салынған ақпарат берілмесе немесе жалған ақпарат берілсе, сондай-ақ шектеулі ақпаратқа жатпайтын ақпаратты қандай да бір себеппен соған жатқызса, ақпарат иеленушілер айыппұл төлеуге міндетті болады. Әртүрлі жағдайларда бұл айыппұлдардың көлемі 20 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін өсіп отырады». Депутаттың пікірінше, бұл заң жобасының негізгі қағидаты - халыққа дер кезінде жылдам, сапалы ақпарат беру. Сол себептен қауіпсіздік (соның ішінде терроризм мен экстремизм де бар), нарық экономикасы, әлеуметтік, экологиялық мәселелерге қатысты нақты ақпараттарды халыққа жылдам жеткізу жөніндегі норма заңдық құжатқа енгізілген. Әмірлан Әлімжан

Соңғы жаңалықтар