Меморгандар қызметтерін «электрондық үкіметке» беруден неге қашады
"Сөйтіп, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуден қашады. Ал себебіне келгенде бәрін қаржының тапшылығына жаба салады", - деді Мұқашев мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелеріне арналған жиында.
Агенттіктің мәліметіне сәйкес, бүгінде реестрге кіретін 623 мемлекеттік қызметтің тек 4,3 пайызы ғана толығымен автоматтандырылып, "электрондық үкімет" порталы арқылы ұсынылады. 63,7 пайызында альтернативті қызмет түрлері сақталған. Ал мемлекеттік қызметтердің 4,9 пайызы әлі күнге дейін қағаз жүзінде ұсынылады. "Агенттіктің сараптамасына сәйкес, қазірдің өзінде мемлекеттік органдар 34 қызметті толығымен автоматтандыруға дайын. Дегенмен, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау шаралары баяу жүргізілуде. Осы саладағы жұмыс 2003 жылы басталғанын ескерсек, 14 жылдың ішінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін "электрондық үкімет" порталына қосу жұмысы тек 12 пайызға ғана орындалды. Бұл дегеніміз, 50 ақпараттық жүйе интеграцияланды. Қазіргі кезде 60 ведомствоның ақпараттық жүйлерін интеграциялау аса қажет. Себебі олардың қызметтері xалық тарапынан жоғары сұранысқа ие", - дейді агенттіктің мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Әділбек Мұқашев.
Осы саладағы тағы бір маңызды мәселе - орталық мемлекеттік органдар әлі күнге дейін 39 қызметті қағаз жүзінде ұсынып келеді. Оны алу үшін Астанаға келу керек. "Мәселен, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен, xимия мен ағаш өнеркәсібі саласындағы тауарларды өңдеу шарттары туралы құжатты Инвестициялар және даму министрлігінің өзінен алу қажет. Оған 20 күн кетеді. Сонда министрлік мамандары барлық құжаттарды қарайды да, жаңағы рұқсатты бере салады. Ал аталған қызмет жергілікті жерге берілсе, барлық жұмысты бір-екі күннің ішінде бітіруге болады", - деп атап көрсетті Мұқашев.
Бүгінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі арнайы жұмыс тобын құруды ұсынып отыр. Аталған топ ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жанында жұмыс істеп, ақпараттық жүйелердің интеграциясын қатаң бақылап отыруы қажет.