Меморгандар мен әкімдіктер жанында этика бойынша өкілетті өкіл пайда болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанында этика бойынша өкілетті өкіл пайда болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері вице-министр Айгүл Шайымова мәлім етті.
«Этикалық нормаларды сақтау бойынша мониторинг пен бақылауды этика жөніндегі өкілетті өкіл қамтамасыз етеді. Бұл орталық мемлекеттік органдарда, сонымен қатар өңірлік деңгейде, яғни облыс және Астана мене Алматы әкімдіктері аппараттарында енгізілген жаңа институт»,-деді А. Шайымова.
Вице-министрдің айтуынша, бұл қызмет өз әріптестері арасында беделге ие адамдарға жүктеледі. Олар мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы қолдану мәселелері бойынша қызметкерлерге кеңес беріп, олардың құқықтарын басшылардың алдында қорғау, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды зерттейтін болады.
«Моральдық-психологиялық ахуалдың мониторингі мақсатында этика бойынша өкілеттілер жасырын сауалнама жүргізеді. Оның аясында «Жұмысыңызды қалай бағалайсыз?», «Қызметіңіз ұнайы ма?» және тағы басқа сауалдар қойылады. Сонымен қатар, әріптестері арасында ең жоғары сый-құрметке ие адамдардың есімін атау ұсынылады. Осы сауалнаманың қорытындысы бойынша жағдайға талдау жасалады»,-деді ол.