11:53, 02 Наурыз 2023 | GMT +5
Меморгандар пайдасына тәркіленген қымбат мүліктер берілмеуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік органдар пайдасына тәркіленген қымбат мүліктерді беруге тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Сенатта өткен баспасөз мәслихатында тілшілер министрден Бас прокуратураға берілген көлік жайында сұрақ қойды.
«Жақында Бас прокуратураға құны 50 млн теңгеден асатын Lexus маркалы тәркілген автокөлік берілген. Қаржы министрлігі мұндай қымбат мүлікке қатысты ережені өзгертуі мүмкін бе», - деп сұрады тілшілер.
Өз кезегінде Е. Жамаубаев бұл мәселеге қатысты министрлік тиісті ережені қайта қарайтынын айтты.
«Аталған көлікке қатысты мәліметті қарап шықтым. Осы орайда Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиісті тапсырма бердім, яғни аталған ереже қайтадан қаралады», - деді Қаржы министрі.