Мемтапсырысты дұрыс орындамаған квазимемлекеттік компания басшылары жауапқа тартылады

АСТАНА. KAZINFORM – Жуықта ғана Президент қол қойған Бюджет кодексіне Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы бойынша ақпарат саласындағы квазимемлекеттік компания басшыларының жауапкершілігін арттыратын норма енгізілмек.

 ҚР Жоғары аудиторлық палатасы
Фото: ҚР Жоғары аудиторлық палатасы

- Қазақстанда ақпарат саласындағы квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының мемлекеттік тапсырманы орындау шарттарында белгіленген тікелей және түпкілікті нәтижеге қол жеткізбегені үшін жауаптылығы енгізілді. Бұл шара Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы бойынша қабылданды, - деп жазады палатаның баспасөз қызметі.

Мұндай ұсынымға мемлекеттің ақпарат саясатына жүргізілген аудит негіз болған көрінеді.

- Мемлекеттік ақпараттық саясатқа жүргізілген аудит барысында Бюджет кодексінде тиісті квазимемлекеттік компаниялар басшыларының мемлекеттік тапсырмаларды орындау шарттарында белгіленген тікелей және түпкілікті нәтижеге қол жеткізбегені үшін жауаптылығын көздейтін нормалар жоқ екені анықталды.

Мемлекеттік тапсырманың көмегімен азаматтар мемлекеттік органдардың қызметінен, маңызды республикалық жобалар мен бағдарламалардан хабардар болады. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Үкіметке заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарауды ұсынды. Нәтижесінде Мемлекет басшысы 15 наурызда қол қойған жаңа Бюджет кодексінде квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының жауаптылығын бекітетін норма көзделді, - делінген ресми мәліметте.

Еске салсақ, Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысын жаңғырту кезіндегі бюджет қаражатын ұтымсыз жұмсау тоқтатылған еді.

 

Соңғы жаңалықтар