Мені аңдып жүр. Бұрынғы сүйіктісінің соңынан қалмаған шетелдік елден шығарылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда бұрынғы қызының қыр соңынан қалмай, үнемі аңдып жүрген Тәжікстан азаматы ұсталды.
Тәртіп сақшылары оның Қазақстанда болу мерзімін бұзғанын анықтап, ел аумағынан шығаруды ұйғарды.
Павлодарлық ару полицияға өз бетімен жүгініп, Тәжікстан Республикасының азаматына қатысты шаралар қолдануды сұраған. Анықталғандай, олар бұрын бірге тұрған. Ажырасқаннан кейін ер адам оның соңынан қалмай, үнемі аңдуын қоймаған. Тіпті, оны қорқыту мазмұнында хабарламалар жіберіп, балағат сөздер айтып, күш қолданатынын жеткізген.
— Тәртіп сақшылары шетелдіктің ҚР аумағында болу мерзімін бұзғанын анықтады. Ол ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды және кейіннен елден шығарып жіберуге шешім қабылданды. Тәжікстан Республикасының Елшілігінде құжаттандыру үшін қабылдағыш-таратқышқа орналастырылды, — деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Ер адамның тарапынан болған қоқан-лоқылар мен аңдуларға байланысты қыз бұрын полицияға жүгінбеген. Бәрі өз бетімен шешіледі деп ойлаған.
Еске сала кетейік, Павлодарда 2 жасар қызды ұрып, бұғанасын сындырған өгей әке ұсталғанын жазған едік.