«Мен - чемпион!» жобасына қатысушының қылығы көрермендерді таңғалдырды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат -  Бурабай курортында республикалық «Мен - чемпион!» жобасының финалдық кезеңі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
None
None

«Көңілді старт» бағдарламасының баламасы болып табылатын «Мен - чемпион!» балалардың спорт ойындары телевизиялық жобасы биыл халықаралық деңгейде өтіп отыр. Оған еліміздің 13 өңірінен 12-14 жастағы жасөспірімдер қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Сонымен бірге, Өзбекстаннан және Ресей Федерациясының Омбы және Қорған облыстарынан да екі команда қатысып, күш сынасты. Тартысты өткен жарыста Қарағанды облысынан келген «Арыстан» командасы бас жүлдені жеңіп алса, Ақмола облысының «Жолбарыс» командасы екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орын Өзбекстан елінен келген команданың еншісіне тиді.

Ойынның ең қызықты кезеңі капитандардың «Гладиаторлар» шайқасы болды. Осы жерде Қарағанды облысынан келген команданың капитаны Бектас Тұябай қарсыласын жеңіп тұрған кезде ойын қаруын тастап, байқауды тоқтатты. Ол әбден шаршаған қарсыласын құшақтап, демеп, құлауына ерік бермеді. Оның мұндай қылығына залдағы көрермендер мен жанкүйерлері риза болып қалды.

Шараның жабылуы салтанатына арнайы қатысқан Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин капитандар сайысында Бектастың қылығына таң қалды.

«Бектастың бекзаттығы ең бастысы жеңіс емес, адами қасиет екенін дәлелдеп берді. Бүгін «Мен - чемпион!» жобасына келгендер басты жеңіс достық екеніне көз жеткізіп отыр», - деді Мәлік Мырзалин.

Сонымен қатар, аймақ басшысы «Мен - чемпион!» жобасы еліміздегі спорттық шаралардың ең тартымдысы екенін айта келе, келер жылы да финалдық ойындар Бурабай курортында өтетініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум