Мен дарынды азаматтардың кино әлемінің құпиясына бойлауға көмектесемін - Т.Бекмамбетов
АНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Мен дарыны және нақты мақсаты бар азаматтарға кино әлемінің құпиясына бойлауға көмектесемін.
Бүгін елордада экшн-фильмдердің II Халықаралық «ASTANA» кинофестиваліне арналған баспасөз мәслихаты барысында он-лайн арқылы байланысқа шыққан фестиваль президенті, белгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетов осылай айтты.
Өз сөзінде Т.Бекмамбетов Астанада өткен алғашқы кинофестивальден кейінгі айтылған барлық сын-ескертпелерді мойындайтындығын жеткізіп, осы жолғы іс-шарада бұл кемшіліктерге жол берілмейтіндігін ерекше атап өтті. «Былтыр Астанада өткен экшн-фильмдердің I Халықаралық кинофестивалінен кейін біз тиісті сын-ескертпелерді естіп, кемшін тұстардың болғанын түсіндік. Ең бастысы, біз фестивальдің негізгі мақсаты - қазақстандық кинематографистермен өзара тәжірибе алмасу жұмысына тиісті мән берген жоқпыз. Осы жолы барлығы басқаша болады деп сенемін. Бұл жұмыста Сіздердің де қатысу ниеттеріңіз аса қажет. Мен дарынды әрі нақты мақсаты бар азаматтарға барынша қолдау көрсетіп, кино әлемінің құпиясына бойлауға көмектесемін», - деді Т.Бекмамбетов.
Қазіргі кезде Т.Бекмамбетов АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласында өзінің жаңа туындысы - «Авраам Линкольн - вампирлердің аңшысы» экшн-фильмін түсіру жұмысын аяқтауда. Фильмде АҚШ-тың 16 -шы презиенті А.Линкольн өмірінің құпия тұстары ашылады. Оқиға желісі бойынша күндіз ол өзіне жүктелген мемлекеттік жұмысты атқарса, түнде вампирларды өлтіріп, халықтың тыныштығын сақтаған. Бұл фильм 2012 жылдың жазында көрермен қауымға көрсетілмек. «Жалпы, бұл өте қызықты фильм болады деп ойлаймын. Онда жақсы мен жаманның күресі, махаббат пен өкініштің алмасуы бар. Әрине, арнайы құрылғыларды қолданатын тұстар да аз емес», - дейді Т.Бекмамбетов.