Мен де қызымнан айырылған адаммын – Бишімбаевтың сотта сөйлеген сөзі

бишімбаев
Фото: Жоғарғы сот

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда сотында әйелін өлтірді деп айып тағылған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев сөз сөйлеп, Салтанаттың туыстарынан кешірім сұрады және өзі де бір кездері қызынан айырылғанын айтты.

«Мен тергеу мен алғашқы сот отырысынан бері болған оқиғаға, Салтанаттың өліміне кінәлі екенімді айтып келемін. Кеше мені жүрексіз, істеген ісіне өкінбейтін, азабын сезінбейтін адам деп кінәлап жатты. Немесе Салтанатты үнемі қаралады деп айыптауда. Шынында да, болған оқиғаға мен кінәлімін. Видеодан көргендеріңіздей, ұсталған сәтте-ақ бәрін мойныдағанмын. Алайда екі күннен кейін еш түсіндірмесіз, еш негіздемесіз маған ең қатал айып тағылатынын күтпедім. Сүйген адамым, жұбайым Салтанатты қасақана ойластырып, жоспарлап, асқан қатігездікпен өлтірді деп айыптағысы келеді», - деді Қ. Бишімбаев.

Айыпталушы сол сәтте қалай әрекет ету керегін білмегенін айтуда.

«Мен жай ғана эмоционалды күйзеліске ұшырадым, не болғанын түсіне алмадым, қабылдай алмадым. Мен қатты өкінемін. Күн сайын Құдайдан мені кешіруін сұраймын. Саналы немесе бейсаналы түрде болған іс болды. Қазір осында болуым керек және өзімді ұстауым керек, мүмкіндігінше өзімді қорғауым керек. Бірақ бұл өзімді кінәсіз деп санайтын жүрексіз адам екенімді білдірмейді. Мұның бәрін бастан өткеруім керегін түсінемін. Қандай жаза берілсе де, оны күнәнің өтеуі ретінде қабылдаймын, әлеуметтік желілерде өршіп тұрған барлық жеккөрушіліктермен қоса көтеруім керек. Мен өзімді әсте мақтан тұтпаймын. Өзімді ақтауға тырысып жатқандай ойламаңыздар. Кез келген адам секілді мен де істеген ісім үшін кез келген жазаны көтеруге дайынмын. Бірақ Салтанатты қасақана өлтіру ойы болған жоқ, мұнымен еш келісе алмаймын және ол үшін жауапкершілік ала алмаймын», - деді Қ. Бишімбаев.

Ол жәбірленуші тараптан – Салтанаттың ата-анасынан және ағасынан кешірім сұрады.

«Шынында да, менің өмірім осындай. Мен де бір кездері қызымнан айырылдым. 23 жасымда менің де қызым болды. Екі жасында аурудан шетінеп кетті. Мұны салыстыру мүмкін емес екені түсінікті. Мен өмірімде ешкімді қасақана өлтіргім келген жоқ. Бірақ өмірімізде осындай жағдай орын алды», - деді Қ. Бишімбаев.

Соңғы жаңалықтар
telegram