Мен ешқандай мәліметті өшірген жоқпын - Алматы зообағының кассирі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 32 млн теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталған зообақ есепшісінің соты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.
None
None

Істі судья Фаррух Омаров қарап жатыр.

Бүгінгі отырыста сотталып жатқан зообақ кассирі Марина Назарова сөйледі.

«Менің міндетім тек қана АРЕМ кассир бағдарламасы бойынша билет сату болатын. Ал сатылған билеттердің есебін «ДИФ-парк» бағдарламасы арқылы жүреді. Ол бағдарлама бойынша кілтсөз тек бас есепші мен бас директор Кәрімовте болған. Сондай-ақ, бағдарламаны орнатқан Зинченко да білетін. Бас есепші Қайырбекова маған кілтсөзді қалдырды. Мен тек 2,5 аптадай ғана пайдаландым. Одан кейін мен бұл жүйеге кіретін мүмкіндік болған жоқ. Себебі жаңадан келген директор маған кілтсөз берілгенін естіп, ашуланып, тез арада өзгертті», - деді ол.

Оның айтуынша, зообақ директоры ауысқан соң кассаға бөтен адамдар кіре бастаған.

«Жаңа директордың командасы баса көктеп кіріп, ешбір сұраусыз есеп талап ете бастады. Қасымызға бір қыздарды кіргізіп отырғызып қоятын болды», - деді ол.

Марина Назарова билет шығару үшін сатылып алынатын қағаздарда үнемі ақау кездесетінін айтты. 1 орам қағаздан 100 шақты билет жарамсыз болып шығады екен.

«Автомат қағазды бір қабылдап алған соң сыртқа шығармайды. Бояулары дұрыс жағылмаған соң, олар сатылымға жарамайды. 2016 жылдың қазанында билеттерді списаниеге жібердім. Желтоқсанда мені директор шақырып алып 17 млн теңге жетіспей тұр деді. Мен билеттерді базадан өшірген жоқпын. Бәрін дәлелдеуге тырыстым, бірақ мені тыңдамады», - деді Назарова.

Алматы зообағы кассасына қағаз жеткізуші кәсіпкер Андрей Огневский ДИФ-Парк жүйесі туралы айтып берді.

«ДИФ-Парк турникеттен өткендерді бақылауға мүмкіндік беретін стандартты жүйе. Билет сатылса штрих код басылады. Дерек енгізіледі. Тарифті баптау жүргізу арқылы билеттің бағасын өзгертуге болады. Енгізілген мәліметті өзгертуге де болады. Бұл үлкен EXCELL таблицасы сияқты. Егер мәлімет өшірілсе де ол туралы тіркеледі. Бірақ ішіндегі мәліметті өзгерту үшін тек парольді білген аз болады. Ол үшін жүйенің қыр-сырын білу керек», - деді А.Огневский.

Айта кету керек, 37 жастағы күдікті Марина Назарова 14 тамызда ұсталған болатын. Назарова Марина ҚР ҚК 241-бабы мен 189-бабының 4-бөлімі негізінде айыпталып отыр.

Іс материалдарына сәйкес, Алматы зообағының есепшісі билеттерді сату барысында компьютерден 32 млн теңгені жойып жіберген.

Алдыңғы сот отырысында Назарованың әріптестері, 2 кассирден жауап алынған болатын.

Соңғы жаңалықтар