Мен ешқашан алқабилер сотына қатысып көрмеппін – қазақстандық заңгер Виталий Воронов

Белгілі қазақстандық заңгер, Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі Виталий Воронов Қуандық Бишімбаевтың атышулы ісіне қатысты пікір білдіріп, соттың ашықтығы Қазақстанның сот жүйесін жетілдіретінін айтты. Kazinform тілшісінің заңгермен эксклюзив сұхбатын ұсынамыз.

Виталий Воронов
Фото Виталий Вороновтың жеке мұрағатынан

Қорғаушы сот процесін жіті қадағалап отырғанын айтты. Оның пікірінше, Қазақстанның бұрынғы экономика министрінің атышулы ісі көпшілікке сабақ болды.

Бұл сот халықтың көпшілігінің назарына ілігіп, заңгерлер ғана емес, сонымен қатар көптеген қарапайым адамдар үшін құқықтық сауат ашатын процесс болды. Халық нақты процестің қандай болатынын – жауап алу мен сөзжарыстан бастап сот үкімін шығаруға дейін өз көзімен бақылады. Бұл мен үшін де бұл жаңалық болды, өйткені жұмыс тәжірибем көп болғанымен, ешқашан алқабилер үкім шығарған сот процесіне қатысып көрмеппін, – деді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі.

Заңгердің айтуынша, қоғам әділеттілікке мұқтаж, алқабилер сол қажеттілікті өтеуге көмектеседі.

Сондықтан үкім заңды әрі орнықты болуы керек. Бұл талап негізінен алқабилермен бірге сот отырысына қатысатын судьяға қатысты. Содан кейін сотта зерттелген дәлелдерге сүйене отырып, алқабилер ар-ожданына сай үкім шығарады, осыдан соң олар дәлел мен кінә мәселесін шешеді. Әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін алқабилер соты қажет. Негізінде, қандай үкім шығарылса да, оны солай қабылдау керек, өйткені қоғам қандай болса, алқабилер де сондай. Себебі, олар - біздің қоғамның нағыз өкілдері, – деді спикер.

Виталий Вороновтың айтуынша, өмір бойына бас бостандығынан айыру үшін алқабилердің бәрі бірауыздан сол шешімді жақтап 11-дің 11-і (10 алқаби және судья) дауыс беруі керек.

Судья үкім жариялағанда дауыс беру кезінде тиісті шешім қабылданғанын айтты (Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды – ред.). Мұндай мерзімде жаза қолдану үшін қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормалары бойынша алқабилердің көпшілігі, яғни кем дегенде 8 адам солай дауыс беруі керек еді, – дейді адвокат.

Заңгер Kazinform тілшісінің үкім қаншалықты орынды болды деген сұрағына «бұл туралы үкімнің сипаттау-уәждеу бөлігінде болады» деп жауап берді.

Жәбірленуші тарап пен айыптаушы тарап бұл үкімді әділ деп баға берді. Тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап еткендер де «үкімге қанағаттандық» деп отыр. Бірақ сотталушылар Бишімбаев пен Байжанов, олардың қорғаушылары үкімді әділетсіз деп санайды. Олар Жоғарғы Сотқа дейін шағымдануға құқылы. Енді әрі қарай қалай өрбитінін бақылаймыз, – деп түсіндірді Воронов.

Спикер заң аясында апелляциялық органның жазаны жеңілдетуге және бапты өзгертуге, тіпті кейбір жағдайда үкімнің күшін жоюға құқығы бар екенін айтты. Бұл сот талқылауында қылмыстық іс жүргізу заңнамасы, қорғау құқығы немесе алқабилердің құқығы бұзылғаны дәлелденген жағдайда жасалады.

– Менің ойымша, процестің ашық болғанын ескерсек, іс қайта қаралмайды. Мен процесте өрескел заң бұзушылық көрген жоқпын, – деді заңгер.

Виталий Воронов сот процестерінің ашық өтуі және резонанс тудыруы отандық сот жүйесінің жұмысын жақсартатынын атап өтті.

Жабық процестен гөрі ашық болғаны, әрине, жақсы. Сондықтан, онлайн болсын-болмасын, біздің заңға сәйкес кез келген сот процесіне барлық адамның қатысу мүмкіндігі болғанын қалаймын. Еліміздегі барлық сот осындай ашық әрі бәсекеге сай болғанын қалаймын. Мұны Жоғарғы Сот елімізге, бүкіл әлемге тарату керек деп шешім қабылдаған процестерде ғана емес, кез келген процесте ашықтық принципін сақтауға ұмтылуы керек, – деп атап өтті қорғаушы.

Сондай-ақ маман «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңға енгізілген өзгерістерге тоқталып, бұндай қылмыстың алдын алуда мемлекет күрделі міндеттерді шешуі керек екенін айтты.

Зорлық-зомбылық отбасында, балабақшада, көшеде және мектептерде өршіп тұр. Ал ол жерде Қылмыстық кодекс емес, тәрбие, әдеп, дәстүр керек. Мұғалімдер мен тәрбиешілердің балаларға қалай қол көтеретінін көріп жүрміз. Бұл туралы бәрі айтуы керек. Мен үшін балаға немесе әйелге қол көтерген адам амандасып, араласатын адамдар қатарынан шығып қалады. Мұндай жандарға қоғамда ізет, құрмет көрсету деген болмауы керек. Біз мұнымен күресіп, әйел немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған кез келген адам келіп, қолдау таба алатын құрылымдар құруымыз керек, – деп түйіндеді Виталий Воронов.

Айта кетейік, кеше судья Айжан Құлбаева Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты Алқабилердің үкімін оқыды. Экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, Алқабилер Бақытжан Байжановты ағасының қылмысын жасырғаны үшін кінәлі деп тапты. Сөйтіп сот Байжановты 4 жылға бас бостандығынан айырды.