18:27, 01 Желтоқсан 2011 | GMT +5
Мен ғылым жолын таңдағанымды мақтан тұтам - магистр Анна Данченко
АЛМАТЫ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сіз магистрлермен болған бір кездесуде "Егер де маған қайтадан мамандық таңдауға мүмкіндік туа қалса мен Президент емес, саясаткер емес, ғалым болар едім" деп айтқан едіңіз. Бұл сөзді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология магистрі Анна Данченко бүгін Алматыда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан ғалымдарының форумында Елбасына қарап айтты.

"Бұл сөзіңіз менің жүрегімді дір еткізіп, жанымды баурап алды. Өйткені Президенттен де ғалым болу жоғары мәртебе екенін сіздің аузыңыздан естуім мені ғана емес мен сияқты мыңдаған жастарды ғылымға алып келгені сөзсіз. Сондықтан да мен ғылым жолын таңдағанымды мақтан тұтам. Болашақ қазақ елі үшін, қазақстандықтар үшін бойымыздағы бар білімімізбен, күшімізді аямаймыз деп Сізге уәде берем", - деді А. Данченко.
Оның айтуынша, қазақ тілі домбыраның күмбір қаққан сазындай жанына жақын. Даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрған қазақ сөзінің құдіреті бойына қуат берумен қатар, жанын жадырады. сол себепті де тіл маманы болуды қалаған.