Ұрлап әкетіп, құжаттарға қол қоюға мәжбүрледі: шымкенттік жалғызбасты ана видеоүндеу жариялады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Әлеуметтік желілерде өзін жалғызбасты ана ретінде таныстырған әйелдің видеоүндеуі тарады.

Видеожазбада, жалғызбасты ананы белгісіз адамдар Шымкент қаласындағы «Komek Center» орталығына күштеп әкеліп, шамамен он күн бойы еркінен тыс ұстаған. Оның сөзіне сенсек, орталықта қол-аяғын байлап, белгісіз дәрі салған және құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген.
Аталған оқиға бойынша Шымкент қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіп жатыр.
— Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау, сондай-ақ құқыққа қарсы әрекеттерге қатысы бар адамдарды белгілеу үшін кешенді тергеу шаралары қолға алынды. Орталықтың қызметі тексеріліп, құжаттар мен бейнежазбаларға сараптама жүргізіліп жатыр. Тергеу заң талаптарына сай жан-жақты әрі объективті түрде жүргізіледі, — делінген полиция департаментінің ресми хабарламасында.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкент зообағында түйеқұсты тепкен ер адам іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.