Мен қазақпын – Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мен қазақпын. Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-ракеткасы Александр Бублик осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Чемпионат сайты мәлім еткеніндей, А.Бублик өзінде ресейлік төлқұжаттың жоқ екендігін жеткізді.

«Қос азаматтыққа жол берілмейтіндіктен, менде ресейлік төлқұжат жоқ. Менің Ресей теннис федерациясымен ешқандай байланысым жоқ. Мен қазақпын, алты жылдай уақыт бойы елімнің намысын қорғап келемін. Мен Дэвис кубогында, Азия және олимпиада ойындарында Қазақстан атынан шығатынымды мақтан етемін», деді Александр Бублик.

Қазақстандық теннисші Ұлыбритания лаун-теннис қауымдастығының (LTA) ресейлік және Беларусь ойыншыларының Уимблдон-2022 және өзі өткізетін басқа турнирлерге қатысуына тыйым салған шешімі жөнінде пікір білдірді.

«Мен бұл шешімнің дұрыс не бұрыс екендігіне төрелік айтқым келмейді, бірақ осы бойынша өз пікірімді білдірейін. Бұл – Ұлыбритания үкіметі мен ұйымдастырушылардың шешімі. Бұған олардың құқығы бар. Мен үшін спорттың нақты өмірдегі орны бөлек болғандықтан, меніңше, спортты тым саясиландырмау керек. Спорт теледидар алдында тамашалап, сүйікті ойыншыңа немесе командаңа жанкүйер болу үшін қажет. Осы мүмкіндікті шектегені үшін фанаттарға обал», деді А.Бублик.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Гонконгпен ойнайтынын, қазақстандық теннисшінің Мюнхенде олимпиада чемпиондарын ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисші Португалиядағы турнирдің ширек финалына шықты.


Соңғы жаңалықтар