«Мен - қазақпын!» мегажобасына қатысатын батысқазақстандықтар іріктелді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Мен - қазақпын!» атты мегажобаның жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Мен - қазақпын!» мегажобасына қатысатын батысқазақстандықтар іріктелді


Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық кодты сақтау үшін ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту қажеттігін атап көрсеткені белгілі. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деген болатын Елбасы. Міне, осыған орай ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы бірлесіп қолға алған аталмыш халықаралық мегажобаның мақсаты - әр өңірден таңдаулы дәстүрлі әнші, күйші, жыршы-термешілерді анықтап, ұлттық өнер өкілдерін кеңінен насихаттау. Іріктеу кезеңдері Қазақстан облыстарында ғана емес, сонымен қатар Ресей, Қытай, Моңғолия мен Алтайда да өтетін болады.


Байқаудың Батыс Қазақстандағы облыстық кезеңіне барлығы 30 үміткер қатысып, бақ сынады. Сайыс қорытындысында күйден Ақылбек Бектасов, терме-жырдан Жәнібек Ғайнетдинов, дәстүрлі әннен Данияр Елеуов үздік атанды. Енді олар Астанада өтетін финалда Ақ Жайықтың намысын қорғайтын болады. Қазылар алқасының төрағасы, дәстүрлі әнші Өмірқұл Айниязовтың сөзіне қарағанда, енді осы жеңімпаздарды тәлімгер ретінде республикалық сайысқа өзі әзірлемекші. Олардың репертуарынан бастап сахна мәдениетіне дейінгі барлық шеберлігі ұшталады. 


«Оралдағы байқау керемет өтті. Жастық шағымыз көз алдымызға келіп, қазақ екенімізді сезіне түскендей болдық. Көздері жаудыраған қыз-бозбала...үкісі ырғалған кəмшəт бөрік, оюлы қамзол, бүрмелі көйлек... Кезек төгілген əн мен күй, терме... Толқыған, қуанған, мақтаныш кернеген, құлаққа қиқу тигенде, "қағынып түскен" арқалы сəттер... Даланың дабысы толып тұр мына жерде, домбыраның күмбірімен, қобыздың сарынымен, сорғалай төгілген əуезді əнмен көш-керуен келіп қона қалыпты қазақтың төріне. Неткен сəнді, неткен қасиетті көш еді. Тыңдаған сайын төбе құйқаң шымырлап, көзіңе жас келіп, арқаң кеңіп, "үйге (əкеңнің үйіне!) келгендей" боласың.  Өнерлі жастардың жапырлап өсіп қалғанына қуанып, тəубə қыласың. Мақтаныш па, сенім бе, əйтеуір керемет бір сезім билейді бойды. Сенің жастығың да сығалап тұрған сияқты əнебір бұрыштан. "Мына бір бала Əбекеңе (Амангелді Ғұбайдуллин) ұқсата сала ма "Қанапияны", немене?..", "Мəссаған, мынау қараң Көшерғалидың өзі ғой!", " Əй, əнебір домбыра қағыс тошно Қатимолланікі!" "Баянның қолтаңбасы..." "Сəуленің тастамы...", "Сағадаттың "ап!" дейтіні!", деп өткен күн мен бүгінді жамырата түскендейсің. Көзін жерден алмайтын ұялшақ қобызшы қыздың ибалы отырысы тіптен таныс. Өнер де өмір сияқты осылайша толассыз жалғасады екен ғой. Мүмкін кей жері артық, кей жері кем болар, бірақ ұлттық өнердің жалғасып жатқаны шындық. Өнер керуені келіп қонақтап тұр ғасырлар қойнауынан. Ерке əн, еркінсал күй төгіліп жатыр толықсып. Ұлттық код деген не десем, осы екен. Оны тек Қазақ қана түсінеді. Ұлттық өнер керуені мәңгілік үзілмегей», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне белгілі айтыскер ақын, ұстаз Дариға Мұштанова.