Мен Қазақстан болашағы үшін дауыс бердім - астаналық студент

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сайлауға алғаш рет қатысқан астаналық студенттер өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Елордадағы №111 сайлау учаскесінде жасы 18-ге енді толып, сайлауға алғаш қатысушылар болды. Бірінші рет дауыс беру құқығына ие болғандарға сайлау учаскесі атынан естелік сыйлықтар таратылды.

«Сайлауда алғаш рет дауыс беріп тұрмын. Мен Қазақстанның болашағы үшін дауыс бердім. Сайлауға ешкім бар деген жоқ, өз шешімім. Бүгінде Астана медициналық университетінде қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша білім алып жатырмын», -деді елордалық студент Нәзира Сайлаубай.

Астаналық Бекзат Бөкешевте сайлауға алғаш қатысып отыр.

«Жасым 18-де, жалпы медицина мамандығының 1 курс студентімін. Сайлауға алғаш қатысып тұрмын. Кандидаттар туралы ақпаратпен алдын ала таныстым. Өз таңдауымды жасадым», - деді 18 жасар Бекзат Бөкешев.

«Сайлауда әр азаматтың дауысы маңызды. Сайлауға келіп өз таңдауын жасау, әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы. Өз басым сайлауды жібермеймін. Бүгін ұлымды алып келдім, биыл 18-ге толды», - деді Бекзаттың әкесі Мейрамбек Жанбатыров.

«Бірінші рет дауыс бердім. Аздаған қобалжу болды. Дегенмен елімнің болашағы үшін дауыс бергеніме қуаныштымын. Менің достарым да сайлауға белсене қатысып, дауыс беріп жатыр. Қазақстан халқының 70 пайызы жастар. Сондықтан олардың дауысы еліміздің болашағы үшін маңызды. Өзім киберқауіпсіздік мамандығының студентімін. Болашақта елімізде өз саламның дамуына үлесімді қосқым келеді. Үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) еркін меңгергем», - дейді 18 жасар студент Жәнел Алмазова.

Айта кетсек, бұған дейін елордадағы №111 сайлау учаскесінде мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов дауыс берді.


Соңғы жаңалықтар