Мен Қазақстанға қайта келуді жоспарлап отырмын - Голливуд әртісі Мишель Родригес

АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Алдағы уақытта Қазақстанның өткені мен бүгіні туралы көбірек білуге үміттімін. Бұл ойын Астанада өтіп жатқан Экшн-фильмдердің «Астана» халықаралық фестиваліне арнайы келген Голливуд әртісі Мишель Родригес білдірді.

Мен Қазақстанға қайта келуді жоспарлап отырмын - Голливуд әртісі Мишель Родригес

«Фестивальдің ашылу салтанатына қатыспағаным үшін кешірім сұраймын. Шұғыл шаруаларым шығып қалды. Бірақ бүгін мен осындамын», - деді ол бүгін өткен баспасөз мәслихатында.

Голливудтың көптеген танымал экшн-фильмдерінің басты кейіпкері М.Родригес Астанада екі күн болуды жоспарлап отыр. «Бұл жердің әдемілігін көргеннен кейін, мұнда қайта келуді жоспарлап отырмын. Және алдағы уақытта Қазақстанның өткені мен бүгіні туралы көбірек білуге үміттімін. Себебі, мен мұнда көп жаңа дүниелерді көрдім», - деді ол.

Әртіс экшн жанрлы фильмдерді ұнататынын және оларға 10 жыл бойы түсіп келе жатқанын айтты. Бірақ соңғы уақытта ерлерге тән рөлдерді ойнаудан қажи бастаған. Оның пікірінше, Голливуд сценарийшілері экшн-фильмдердегі ерлер мен әйелдердің рөлдерін ажырата алмайды және ол нақты әйелдің рөлі екендігіне жете мән бере бермейді. Сол себепті ол, өзі түсетін фильмдердің сценарийіне жиі жағдайда өзгерістер енгізеді. Бұл - М.Родригестің қатысуымен түсірілген 10 фильмнің ішінде 9-ында кездеседі. «Сондықтан, менімен келесі фильмді түсіруге жоспарлағандар, сценарийдегі сөздер мен репликаларға міндетті түрде өзгерістер енгізілетінін алдын ала біліп отырады», - дейді ол.

Әртістің айтуынша ол, экшн жанрлы фильмдерді жасаушы әлемдік режиссер Тимур Бекмамбетовтың картинасына түсуге қуана келісер еді. «Т.Бекмамбетовтың Анжелина Джолимен түсірген «Аса қауіпті» («Wanted») фильмін өзіме үлгі етемін. Сондықтан оның фильміне қуана-қуана түсуші едім», - деп түйіндеді ол.