Мен мың өліп, мың тірілген қазақтың бірімін - Ұлы Отан соғысының ардагері Б. Амангелдиев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының Бостандық ауданының әкімдігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Олардың арасында кезінде Қазақ Телеграф агенттігінде (ҚазТАГ) 38 жыл қызмет атқарған ардагер журналист Бисұлтан Амангелдиев те болды.
«Бүгінгі шараға ризашылығым шексіз. Елбасының бізді құттықтап, құрмет көрсеткені біз үшін үлкен той! Сондықтан, Елбасына шексіз рахметімді айтамын. Сонымен қатар, бүгін өздігімен жүре алатын ардагерлердің басын қосып, сый-сыяпат көрсеткен әкімдікке де ризамын», - Б. Амангелдиев.
Бисұлтан аға, қан майданда бір емес, үш әскер қатарында соғысқан жауынгер.
«Мен соғысқа 1942 жылы 17 жастан енді асқан шағымда аттандым. Бірінші Украина майданында жаяу әскер қатарында, автоматшы болып соғыстым. Кейін, танк училищесіне оқуға жіберілдім. Үшінші танк армиясының сапында Украина жерінде соғыстым. Тернополь қаласын жаудан азт ету барысында ауыр жарақат алдым. Алты ай госпитальда жаттым. Дәрігерлер мен өлім аузынан арашалап қалды. Кейін, Екінші Әскери-Әуе Күштері армиясының сапында радист болып қызмет арқардым. Польшаны, Румыния, Чехословакияны және Венгрияны жаудан азат еттік. Жеңіс күнін Венгрияда қарсы алдым. Бірақ, мен үшін соғыс әлі аяқталған жоқ еді. 1945 жылдың қазан айына дейін Венгрия жерінде жаудың қалған-құтқан әскерлерімен соғыстық. Тек қараша айында ғана елге оралдым», - дейді Б. Амангелдиев.
Бисұлтан аға, Қызыл жұлдыз орденінің және басқа көптеген медальдардың иегері.
Елге оралған соң, ол тың көтеру ісіне араласты. Кейін, қолына қалам алып, «Социалистік Қазақстан», «Қазақстан пионері» газеттерінде еңбек етті. Бұдан соң, 38 жыл өмірін ҚазТАГ агенттігіне арнады. Мұнда ол аударма бөлімінің редакторы, одақтық және шетелдік ақпарат бас редакциясының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Биыл 89 жасқа толған Бисұлтан аға, әлі тың.
«Алдағы жылы, 90 жасымда Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын көрсем», - деп армандайды.