Мен өз қызметімді абыроймен атқаруға тырысамын - ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов
Былтыр ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні ресми түрде белгіленді. Аталған мейрам биыл алғаш рет аталып отыр. «Әлеуметтік сала қызметкерлері үшін бұл - үлкен құрмет», - деп атап көрсетті өзінің құттықтау сөзінде ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов. Министрдің айтуынша, алдағы қызметі барысында ол бұған дейін қолға алынған барлық бастамаларды жалғастырып, тиісті деңгейде өз жұмысын атқаратын болады. «Бүгін мен өз ұстаздарым - Гүлжан Жанпейісқызы Қарағұсова, Бердібек Машбекұлы Сапарбаев пен Гүлшара Наушақызы Әбдіхалықоваға шын ризашылығымды білдіргім келіп отыр. Олармен бірге жұмыс істеп, мен көп нәрсеге үйрендім. Алдағы уақытта оның бәрін қызмет барысында қолданып, өз жұмысымды абыроймен атқаруға тырысамын», - деді С.Әбденов.
Айта кеткен жөн, бүгінгі мерекелік жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Гүлшара Әбдіхалықова, Сенат және Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты.