Мен өз жұмысымнан ләззат аламын - алматылық шипажай қызметкері
Алматыда өз ісіне адал әрі оны абыроймен атқарып жүрген азаматтар бар. Олардың бірі «Almaty Resort» емдеу-сауықтыру кешенінің қызметкері Сабина Байсұлтанова, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Кейіпкеріміз бүгінгі күні аталмыш шипажайдың орналастыру және қызмет көрсету бөлімінің бас менеджері болып еңбек етеді.
"Мен 2010 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің Туризм мамандығы бойынша оқып, бітірдім. ЖОО-ның 4-ші курс студенті болған кезімде Intercontinental қонақ үйінде тәжірибеден өттім. Онда тәжірибе өте жүріп, осы шипажай туралы естідім және ары қарай онда жұмысқа тұру үшін мені әңгімелесуге шақырды. Университет бітіріп, сол әңгімелесуге барып, одан сәтті өттім. Осылайша 2010 жылдың қыркүйек айынан бастап шипажайда еңбек жолым басталды. Ең алғаш қызметімді ресепшнде тіркеуші болып бастадым. 2011 жылы әкімші (администратор) лауазымына ауыстым. 2012 жылы аға әкімші болдым. 2019 жылдан бері шипажайдың бас менеджері қызметін атқарып келемін", - дейді Сабина Байсұлтанова.

Ол бұл жұмысы өзіне қатты ұнайтынын, тіпті, болашақта басқа қызметке ауысу туралы ойы жоқ екенін айтты.

"Мұнда әртүрлі адамдармен жиі араласасың. Қызықты сәттер де көп болады. Біздің шипажайға қарапайым әрі елге танымал адамдар да келіп жатады. Мысалы, жыл сайын бізге белгілі кино және театр актері, халық әртісі Асанәлі Әшімов келіп, демалып кетеді. Біз осындай тұлғаларды күтіп алып, оларға барлық жағдайын жасауға атсалысамыз. Одан бөлек, шетелден келетін қонақтарымыз бар. Кейбір кезде келген қонақтар жұмысымызды ары қарай қалай дамытуға болатыны туралы ұсыныс, ескертулерін айтады. Шетелдегі шипажайлармен салыстырады. Біз оған түсіністікпен қараймыз. Жалпы, мен өз жұмысынан ләззат алатын адамның бірімін", - дейді ол.

Санаторий 1967 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2008 жылы реконструкцияға жабылып, екі жылдан кейін қайта ашылған.
"Шипажайда жалпы 135 номер бар. Оның ішінде 109 стандарт, 18 екі бөлмелі люкс, 7 үш, төрт бөлмелі VIP люкс және 1 – төрт бөлмелі президенттік номер бар. Шипажай барлығы 7 блоктан тұрады. Үш жатын, әкімшілік, медициналық, спорттық сауықтыру корпустары бар. Шипажайға бір жылда шамамен 7,5 – 8 мың адам емделуге келеді. Сондай-ақ жылына 800-дей бала ата-аналарымен бірге келеді. Біз 3-14 жас арасында балаларды да қабылдаймыз. Бізде бір адам 7-10 күннің арасында ем қабылдайды. Яғни, қонақтарымыз 7-10 күндей бізде жатып кетеді. Шипажайға ақылы түрде жолдаманы мекеменің брондау бөліміне хабарласып, тегін жолдаманы МӘМС арқылы алуға болады", - деді кейіпкеріміз Сабина Байсұлтанова.

Емдеу оңалту бөлімінің меңгерушісі Роза Жусупова шипажайда тамаша жабдықталған физио, сумен, балшықпен емдеу бөлмелері бар екенін айтты. Барлық қызмет түрлері жүрек-қантамыр жүйесі, нерв, несеп-жыныстық, сүйек-буын жүйелерінің аурулары, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің аурулары кезінде оңалту іс-шараларының кешенін жүргізуге бағытталған.
"Шипажайда аппараттық физиотерапевтік емдеу тәсілдерінен басқа заманауи физиотерапевтік әдістер бар. Оған электрмен емдеу, магнитотерапия, лазеротерапия, ингаляциялар, парафинмен емдеу, ішекті сулау, құрғақ және су асты тарту, сыртқы балшық аппликациялары кіретін балшықпен емдеу, қуыстық, қызылиектік, дәстүрлі су емшаралары: гидромассажды, камералық және минералды ванналар, душ емшаралары: Шарко, каскадты, циркулярлық, атпа су кіреді. Шипажайдың медициналық орталығы медицинаның соңғы талаптарына жауап беретін физиотерапиялық емшаралардың кеңейтілген кешенінің көмегімен ағзаны сауықтырудың, профилактиканың және қалпына келтірудің көп мүмкіндіктерін ұсынады.

Мұнда минералды суларының қасиеттеріне негізделген түрлі емшараларды аласыз. Оған інжу ваннасы, көмірқышқыл ваннасы, құйынды ванна (камералық), флойтинг ваннасы, виши душы, шарко душы, веерлі душ, циркулярлық душ, атпа су душы, су асты душ массажы кіреді.
Сіз бізде ауру, күйзеліс және созылмалы шаршау туралы ұмытасыз, күш жинайсыз, жан мен тән үйлесімін сезінесіз", - деді «Almaty Resort» емдеу-сауықтыру кешенінің Емдеу оңалту бөлімінің меңгерушісі Роза Жусупова.