«Men Qazaqpyn» халықаралық мегажобасының екінші маусымына іріктеу кезеңдері басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Men Qazaqpyn» халықаралық мегажобасының екінші маусымына іріктеу кезеңдері басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Биыл «Men Qazaqpyn» жобасына еліміздің 14 аймағынан 180-ге жуық аудан орталықтары мен ауылдарында іріктеу кезеңдері өтетін болады. Аудандық іріктеуден өткен жеңімпаздар облыстық байқауға өтіп, бақ сынасады. Ұлттық арнаның ауқымды жобасына корпорацияның аймақтардағы филиалдары белсене атсалысуда. Алғашқы іріктеу кезеңдері Әулиекөл, Алтынсарин елді мекендері мен Қостанай қаласында өтті», - деп атап өтті телерадиокорпорациясында.
Жобаның мақсаты - еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу, төл өнеріміз - күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау.
Іріктеу кезеңдері маусым айының соңына дейін жалғасады. Байқауға қазақ композиторларының және халық әндерін домбыра, қобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуімен орындайтын 18 бен 40 жас аралығындағы өнерпаздар қатыса алады.
Айта кетейік, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Qazaqstan» РТРК» АҚ 2017 жылы «Мен қазақпын» атты халықаралық телевизиялық мегажобасын алғаш рет жүзеге асырған болатын. Өткен жылы бұл жобаға 3000-нан астам үміткер өтініш білдіріп, облыстық іріктеуге 700-дей адам қатысты. Ал, Астанада өткен телевизиялық жобада 57 өнерпаз бақ сынады. Сондай-ақ, Қытай, Ресей, Моңғолия елдерінде тұратын қандастарымыз да өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алған болатын.