Мен тағдырдың соққысын қабылдаймын, бірақ оны түсіне алмаймын - Е. Шәкеев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мен тағдырдың соққысын қабылдаймын. Бірақ оны түсіне алмаймын. Бұл ақылға сыймайды.
Бүгін Алматыда ұлы Сафар Шәкеевті ақтық сапарға шығарып салуға байланысты өткен қаралы жиын барысында Еркеш Шәкеев осылай деді.
Ол өзін сырттай барынша байсалды ұстауға тырысқанымен, іштей «аh» ұрып, өзегі өртеніп, көп сұрақтарға жауап іздеп, шарқ ұрғаны сезіліп тұрды. Біресе өзін ақтағандай, біресе, ұлының рухы алдына кешірім сұрағандай әсер қалдырды.
«Мен негізі табанды адаммын. Тағдырдың бұл соққысын қабылдаймын, бірақ оны түсіне алмаймын. Бұл ақылыма симайды. Бұл жалғанда жер басып, тірі жүрген кезіңде перзентіңнен айрылғаннан асқан қасірет жоқ. Мен өз басым, «ешкімді ренжітпей, ешкімнің ала жібін аттамай, ешкімге қиянат жасамай таза өмір сүріп жатырмын, мұндай қасіретке ұшырамаспын» деп ойлайтынмын. Амал қанша!? Сафар мезгілсіз қазаға ұшырады. Ол мезгілсіз уақытта, бармайтын жерге кездейсоқ барып, опат болды.
Біз бір-бірімізді жақсы түсінетінбіз. Көп сөйлесетінбіз. Оның жоспары көп болатын. Сафар адамдарға ерекше мейіріммен қарайтын жан еді. Мен бір жолы оған: «Енді 1000 адамның ішінен бір адам саған ренжісе, ештеңе ете қоймас» - деп едім, ол: «Әке, бір адам деген бұл өте көп қой», - деп жауап бергені бар. Өте өкінішті. Өмірді өзіңе бейімдей алмайсың. Өмірге бейімделуіңе тура келеді. Өмір өз заңдылығымен жылжиды. Енді, сіздерге айтарым, балаларыңызды қорғай біліңіздер. Балаларыңыз шын дос арттырулары үшін, адам тани білсін. Мен Сафармен қоштаспаймын. Бұл жөнінде менің өз жоспарым бар. Нүктесін қоятын жәйттер бар. Барлығыңызға рахмет», - деді Е. Шәкеев.