Мен үшін ел үмітін ақтағаннан, жұрт сенімін сақтағаннан басқа бақыт жоқ -Елбасы
АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат / Қанат Мәметқазыұлы/ -Мен үшін ел үмітін ақтағаннан, жұрт сенімін сақтағаннан басқа бақыт жоқ. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан халқына Ант беріп, жаңа президенттік мерзімге ресми кіріскеннен кейін сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Мен жаңа ғана Қазақстан Президенті ретінде ата-бабамыздан қалған ақ киіздің үстінде тұрып, салтанатты түрде ант бердім. Менің айнымас антым - аманатқа адалдықтың, сенімге сертің белгісі болуы керек. Ақжүрек жұртымның қалтқысыз сенімі қашан да маған орасан зор жауапкершілік жүгін міндеттейді. Мен үшін ел үмітін ақтағаннан, жұрт сенімін сақтағаннан басқа бақыт жоқ», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Президент өзінің кешегі сайлаудағы жеңісін - халқының ынтымақ-бірлігінің мәуелі жемісіне балады. «Халқымның қолдауы маған сарқылмас күш-жігер береді. Біздің бағдарымыз айқын. Ендеше болашағымыз жарқын. Біз кемел келешектің берік іргесін бірге қалаймыз!», - деді Президент.