Мен жастарға сенемін - ҚР Президенті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы өзінің Ұлытаудағы сұхбатында: «Қазақтың бірлігі - мына көпұлтты халықтың бірлігі. Біз бірте-бірте жарқын болашаққа жетеміз деп санаймын. Менің арманым, ойым - Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан Мәңгілік Ел деген идеяны ұсындым. Мәңгілік Ел болу үшін бәрін жасап жатырмыз» деп атап өтті.
Осы Ұлытаудағы әңгімесінде Елбасы жастарға үлкен сенім артып: «Қазақстанның ең үлкен патриоты да, елді алға сүйрейтін де солар болады деп сенемін. Менің арманым, ойым осы. Лайым солай болсын! Қазақстанның болашағы өте жарқын!» деп ой қорытты.
Иә, жарқын болашақты қалыптастыру жолында үлкен еңбек пен қажыр-қайраттың керек екені белгілі. Бүгінгі Қазақстан жастары осы өрелі міндетті айқын сезінуі тиіс. Егер жастарымыз білімді болса, өз ісінің білікті маманы болса, еліміздің келешегі де жарқын болмақ. Осы орайда ұлтыңның, халқыңның тарихын, қайнар бастауларын білудің мәні ерекше. Себебі тарихты білмей, болашаққа қадам басу мүмкін емес. Елбасы Астана активімен кездесуінде еліміз келер жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетінін айтқан еді. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ата Заңымыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын келесі жылы атап өтетін боламыз» деген болатын. Бұл орайда айта кететін жайт, бүгінгі таңда елімізде тарихқа үлкен бетбұрыс жасалуда. КСРО кезінде бұрмаланып келген тарихымызды қайта жаңғыртып, өткенімізді түгендеп, ұлтымыздың шежірелі жолын танып-білудің де басты жолы - осы. Олай болса, елімізде аталып өтетін «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мемлекеттігіміздің іргесін нығайта түсетіні сөзсіз. Біз жастарымыздың патриоттық сезімін қалыптастыруға ерекше мән беруіміз керек. Өйткені мұның келешек үшін маңызы зор. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Жандану» экологиялық жобасы ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, «Жас Отан» жастар қанаты, ҚР Жазушылар одағының қолдауымен Тұңғыш Президент күніне арналған «Мен жастарға сенемін!..» атты студент жастардың ІІ патриоттық фестивалі өтпек. Фестивальдің мақсаты - студент жастардың Қазақстан болашағына деген азаматтық жауапкершілігі мен патриоттық сезімін арттыру. Бір атап өтерлігі, осындай игі шаралардың тәрбиелік мәні зор. Демек, мұндай фестивальдерді еліміздің өзге де жоғары оқу орындары өткізіп тұрса құба-құп. Жұртшылыққа мәлім, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жобалар көптеп жүзеге асырылуда. Астана қаласында 2017 жылы өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі соның бір айғағы. Бұл біздің елімізге артылған зор сенім. Ендігі мақсат әлемдік дәрежедегі көрмені лайықты ұйымдастырып, еліміздің мерейін тағы бір мәрте асқақтату. Бұған негіз жоқ емес. Экономикамыздың өркендеуі, ғылым мен білімнің айшықты түрде дамуы, нанотехнологиялар мен инновациялық жобалардың іске қосылуы - мұның барлығы еліміздің әр саладағы зор әлеуетін аңғартары анық. Халықаралық беделді ұйымдар ең бірінші кезекте осындай жетістіктерімізді тілге тиек етіп жүр. Саяси сарапшылар болсын, ғалымдар мен экономистер болсын Елбасының сындарлы саясатына бүгінгі таңда үлкен баға беруде. Бұл орайда заман талабына лайық болып, болашаққа нық қадамдар жасаған еліміздегі көптеген маңызды шаралар Елордамыз - Астана қаласында өтіп келеді. Жасампаздықтың бастауы, әлемдік маңызды идеялардың тоғысатын орталығы да Елордамыздың болып отырғаны шын мәнінде қуаныш. Астанада өткізіліп келе жатқан халықаралық конференциялар, әлемдік жиындар, алқалы басқосулардың барлығы да өзінің ерекше мәніне ие болуда. Бұл тұрғыдан алғанда Астана заманауи қала ретінде тұтас мемлекетіміз үшін серпін әкелгені сөзсіз.