«Мені өзіңмен алып кет»: Елордада ит-мысықтардың жәрмеңкесі өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы сенбі, 10 тамыз күні елордадағы «Астана» концерт залы аймағында иесіз қалған иттер мен мысықтардың «Мені өзіңмен алып кет» атты көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Мені өзіңмен алып кет»: Елордада ит-мысықтардың жәрмеңкесі өтеді

Шара ұйымдастырушылары - «Нұр-Сұлтан қаласы Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ, «Астана ветсервис» КМ және жанаулардың құқығын қорғайтын қоғамдық ұйым өкілдері. Көрме-жәрмеңке мақсаты – үй жануарларына сенімді қожайын тауып, бұл мәселеге азаматтардың назарын аударту.

Көрме–жәрмеңкеде сүйкімді мысықтармен және ақылды иттермен танысып, ұнағанын үйге алып кетуге мүмкіндік бар. Сондай ақ, келушілерге уақытша баспанадағы иесіз өзге де жануарлардың суреттері ұсынылады. Оларды Ақсүмбе орамы, 1-үйде орналасқан уақытша баспанадан алып кетуге болады.

Айта кетейік, мұндай жәрмеңке елордада екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жолғы шара нәтижесінде қараусыз қалған 60 ит пен мысық жаңа иесін тапты.

Нұр-Сұлтан қаласында қаңғыбас және қараусыз қалған жануарларға арналған уақытша баспана 2017 жылдан жұмыс істеп келеді. Бұл жерді 700-ге жуық ит, 60-тан астам мысық пана еткен. Аталған жануарлардың барлығы карантин, вакцинациялаудан өтіп, бүгінде мал дәрігері маманының бақылауында.