Мені тарихи отанға деген махаббат жазушыға айналдырды - И. Иминов
Өзінің «Менің Қажғариям» атты тұңғыш кітабының тұсаукесерінде Исмаилжан Иминов осылай деді.
Оның айтуынша, бұл кітап қазақстандықтарға, оның ішінде ұйғыр жұртшылығына тарихи отаннан алып келінген сәлемдеме іспеттес.
«Өмірде бетбұрыс кезеңдер болады екен. Сол сәттерде өмір туралы, болмыс туралы ойлана бастайсың. Мен өзі мамандығым бойынша филологпын. Мектепте мұғалім, бертін келе оқу ісінің меңгерушісі болдым. Мектеп директорлығына дейін көтерілдім. Содан, осыдан бес жыл бұрын қолыма қалам алдым. Әңгіме, очерктер жаза бастадым. Ұйғыр ұлтының тарихын зерттедім. Тарихи отанға деген махаббат мені Қажғарияға жетеледі. Әкем сол жақтан 1934 жылы Қазақстанға Алматы облысына көшіп келуге мәжбүр болған еді. Енді міне, 78 жыл өткен 2012 жылы тарихи отанға барудың сәті түсті. Бұған дейін Қашғарияны тек әкем мен Шоқан Уәлихановтың естеліктерінен ғана білуші едім. Енді бұл өлкені өз көзіммен көрдім» - деді И. Иминов.
Осы сапардан соң аталмыш кітап өмірге келген. Онда ұйғыр ұлтының көне мекені - Қажғария өлкесі, ондағы Тұрпан, Жаркент секілді көне қалалардың бүгінгі жағдайы, тыныс-тіршілігі жан-жақты сөз болады.