«Менің Елім» автомотошеруінің қатысушылары - Астанада

АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 маусымда Астанада «open space» форматында «Менің елім» автомотошерушілерінің қатысуымен баспасөз брифингі өтеді.

      «Менің Елім» автомотошеруінің қатысушылары - Астанада

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырылған жобаны «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының аясында «Wheels Brothers MC» Атырау мотоклубымен бірлесе өткізуде. 29 мамырда Атыраудан бастау алған жоба отанымыздағы түрлі ұлттар мен конфессиялар арасында достық қарым-қатынас пен байланыс орнату және кездесулер арқылы көпұлтты еліміздің біртұтастық идеясын қолдауды көздейді. Бұл акция Қазақстан халқы Ассамблеясының негізіне Елбасы салған идеяларды жас ұрпаққа әсерлі, қолжетімді әрі түсінікті тәсілмен жеткізу ісіне Қазақстан жастарының белсенді бөлігін тартуға мүмкіндік бермек.

Айта кеткен жөн, автомотошерушілер Қазақстанның 20-дан астам қалалары (Атырау, Орал, Ақтөбе, Байқоңыр, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Алматы, Үшарал, Зайсан, Өскемен, Семей, Павлодар, Астана, Зеренді, Қостанай) мен елді мекендерін басып өтеді. Жолдағы жалпы уақыт 18 күн, ал жүріп өтетін жол 8500 шақырым .

«Менің елім» автомотошеруі биыл екінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Біз былтыр 18 қаланы қамтысақ, биыл қалалар тізіміне тағы бірқатары қосылды. Әр шаһарда жаңаша ойлары бар достармен танысып, бұрын танып-білмеген жерлерде болып, өзіміз үшін көп ұлтты Қазақстанның беймәлім тыныс-тіршілігін білдік»,-дейді автомотошерудің ұйымдастырушысы Атыраудағы «Wheels Brothers MC» мотоклубының жетекшісі Олег Шмаль.

Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының хабаарлауынша, Атыраудан аттанған шерушілер қатары өзге аймақтардағы автомото қозғалыс өкілдерімен толығып отырады.